Атырау қаласының перинаталдық орталығында дәрігерлер жаңа туылған нәрестені тірідей тоңазытқышқа салып өлтірген. Ақ халаттылардың мұндай жауыздыққа баруына шақалақ дүниеге келгенде базаға «өлі туылды» деп қате енгізіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алайда шамалы уақыттан соң бала тірі екені белгілі болды. Құжатты қайта түзетуге болмайтындықтан осындай қылмысқа барған. Бұл істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі перинаталдық орталық директорының жемқорлық әрекеттерін зерттеу барысында анықтаған.
«Біздің тергеу тобымыз дереу оқиға тіркелген жерге барып, фактіні анықтады. Дәлелденді. Нәрестенің денесі тоңазытқышта болғанын көрді. Алайда біз бұл қылмыстың алдын ала алмадық. Соттың санкциясы бойынша күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс ҚАБДОЛЛА.
Бұған дейін аталған медициналық мекеме басшысы демеушілер тарапынан перзентханаға берілген ақшаға шетелге демалуға барыпты. Айта кетейік, 2017 жылдан бастап медицина саласының қызметкерлеріне қатысты 254 іс қозғалған. Бұл салада жемқорлық әсіресе Қызылорда, Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында көп тіркелген.
«Сараптама көрсеткендей бұл салада жемқорлық денсаулық сақтау нысандарының құрылысымен, мемлекеттік сатып алулар процедураларымен, мед перапараттармен және жұмысқа алу шараларымен байланысты», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс ҚАБДОЛЛА.