Республика сарайында әр түрлі сала мамандарының басын қосқан қала басшысы әйелдер қауымына ыстық лебізін білдірді
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек әйелдер қауымын құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республика сарайында әр түрлі сала мамандарының басын қосқан қала басшысы бір қолымен бесік, ал бір қолымен әлемді тербеткен асыл жандардың ерен еңбегін ағынан жарылып айтты. Ошақтың отын маздатып, отбасының берекесін арттырған, игіліктің ұйытқысы болған әйелдер қауымына шын ниетімен ыстық лебізін білдірді. Өмірдің нәрі мен әрін келтірген қоғамның қозғаушы күші аруларға алғыс білдіріп, өмірлерінің нұрлы, көңілдерінің көтеріңкі болуын тіледі.
«Баршаңызды 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі. Әр үйге шаттық пен мейірім сыйлайтын ерекше күн. Адамзат үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ешкім жоқ. Сондықтан әлемдегі ең жоғары мадақ пен құрмет ардақты аналар мен аяулы аруларға арналады. Бүгінде қаламызда 11 мыңнан астам көп балалы ана болса, оның ішінде 3900 ана – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері. Елімізде әйел азаматтарға оның ішінде аналарға деген қамқорлық қашанда ерекше», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.