Су тасқыны: Атырау облысында жұмыс қалай жүргізіліп жатыр

28.05.2024 21:53

Өңірде төтеншеліктер жағдайды тәулік бойы бақылауға алған

Almaty.tv

Атырау облысына қарасты су басу қаупі жоғары саналатын Бесікті ауылында жұмыс қызу жүріп жатыр. Өңірде төтеншеліктер жағдайды тәулік бойы бақылауға алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жағаға шатырлар тігіліп, бөгет көтеру де тоқтаусыз іске асып жатыр. Ал су деңгейі бұған дейінгі межеге қарағанда төмендеген. Жауапты координатордың айтуынша, атқарылған жұмыс нәтиже беріп, тасқын қатері азаюы керек.  

– Желдің қатты соғуына байланысты су деңгейі көтеріліп, кей жерде тасқын қаупі төнді. Шұғыл бөгеттер көтеріліп, ауылға төнген қауіпті тоқтаттық. Бесікті ауылына тасқын қаупі жоқ. Ауыл айналасы бөгетпен  қоршалған. Егер тасқын қаупі төне қалса, арнайы бекітілген алгоритм бойынша жұмыс істеледі, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.

Ал Құлсарыда арнайы коммуналдық қызметкерлер тәулігіне 34 мың текше метрден аса суды шығарған. Тасқын басталғалы көрсеткіш 527 332 текше метрге жеткен. Атырау қаласына төнген қауіп жоқ. Бұған Соколок пен Сарыөзек каналдарының да әсері мол. Алмалы, Қайыршақты, Еркінқала ауылдық округтерінде қорғаныс бөгеттері аяқталып қалды.

Айта кетейік, бүгінде мыңнан аса құлсарылық тұрғынға өтемақы берілді. Ал бағалаушылар 2583 үйді тексерді.

– Суға кеткен үйлер қараусыз қалған. Бүгіннен бастап, мамандар келіп жұмысқа кірісті. Суға кеткен үйлерді бірінші қараймыз, – деді техникалық зерттеу жөніндегі аға маман Әділет Карсебаев.

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Олжас Бектенов шығынды есептеу жұмысын тездетуді тапсырды