31 мамырға дейін су тасқынынан келген шығын есептеліп, нақты сандар белгілі болады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл шаруаны тездетіп қолға алуды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал вице-премьер Қанат Бозымбаев республика бойынша 30 мыңнан астам отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік төлем алғанын айтты. 15 мыңнан астам үй мен саяжай құрылысы тексеріліп, 11 мың 134-і бойынша бағалау жүргізілген.
– Жекелеген өңірлерде сараптаманың төмен көрсеткіші байқалды. Сонымен қатар техникалық тексеру және бағалау жұмысы үйлестіріліп, барлық қажетті қорытындыны мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұсынылуын қамтамасыз ету керек, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, елімізде 9 мыңнан астам үй қалпына келтірілуге болатын құрылыс қатарына жатады. 4 мың 315 баспана апатты жағдайда деп танылған. Құрылыс маусымының қысқалығын ескере отырып, оқу жылының басына дейін зардап шеккен азаматтарға үй мен пәтер беру жоспарлануда. Ал Премьер-министр Олжас Бектенов кейбір өңірде жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алып, тиісті тапсырма жүктеді.
– Әкімдерге Өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмысын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Азаматтарымыздың қиын жағдайына түсіністікпен және жан-жақты мұқият қараңыздар. Жұмыстарды кешіктірмей, барынша тездету керек, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Махамбет ауданында 300-ден аса азамат қауіпсіз жерге көшірілді