Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік санатқа кіретін отбасылардың ешқайсысы де ескерусіз қалмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеген. Осы мақсатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біргеміз» қоры және «Нұр Отан» қалалық партиясы жанынан құрылған «Алматы Біргеміз» қорының қолдауымен біраз азамат мемлекет шарапатын көрді. 50 мың теңге ақшалай көмекті бұған дейін қаладағы әлеуметтік аз қамтылған 23 мың 472 адам алған еді. Елімізде төтенше жағдай уақыты ұзартылғанына байланысты көмек тағы да беріліп жатыр. Дегенмен екінші рет алатындардың саны бірінші төлем алғандарға қарағанда әлдеқайда көп болмақ.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 27 сәуір күні аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік төлемді екінші рет беруге тапсырма берген еді. Ол тапсырманың қазір 90 пайызы орындалды. Екінші реттік әлеуметтік төлем алатын азаматтардың саны біріншіге қарағанда көбейді. Қала бойынша көмекті алуға құқылы 28 592 адам тізімде бар. Бүгінде оның 25 мыңнан астам отбасы ол ақшаны алды», – деді Өңірлік «Аlmaty birgemiz» қорының жетекшісі Борис ЖАПАРОВ.
Көмекке қол жеткізетін азаматтардың тізімін Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі береді. Тұрғындардың ешқайда барып, құжат өткізудің қажеті жоқ. Мамандар көмекті алуыға құқығы бар азаматтардың телефонына смс хабарлама жібереді. Ал, бүгінге дейін қаржылай қолдауға қол жеткізгендер ризашылықтарын білдірді.
«Мен мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған анамын. Осындай елімізге төнген қауіп кезінде бізді ұмыт қалдырмаған мемлекетімізге көп рақметімді айтқым келеді. «Нұр Отан» партиясының берген дезинфекциялық құрал мен азық-түлік себетінен бөлек, осындай ақшалай қолдауы біз үшін үлкен көмек», – деді қала тұрғыны Зухра ДИФУ.
«Нұр Отан» партиясының қолдауымен құрылған қайырымдылық қорына көптен-көп рақмет айтамыз. Күні кеше ғана банктегі жеке есебіме 50 мың теңге ақша түсті. Елімізде болып жатқан қиындыққа қарамастан, «Біз біргеміз» қорына көп рақметімді айтамын», – деді қала тұрғыны Илита АЙЫМҚҰЛОВА.
Екінші реттік әлеуметтік көмек 5 санатқа кіретін отбасыларға берілетін болады. Олар: аз қамтылған және көп балалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедек зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері және мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасылар.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы