Алланың басқа салғанына сабырмен қарап келе жатқан олар бауыр еті балалары Аружан мен Бейбарысты арқалап бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. 100 мың адамның алтауында ғана кездесетін ауруды ақ халаттылар анықтап, арқа-тірек бұлшықет атрофиясы деген диагноз қойған. Ал, оның емі шет елде ғана дейді отандық дәрігерлер. Онсызда қолда барын сатқан жас отбасының өте үлкен соманы табуға қауқары жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – бес жасар Бейбарыс пен жеті жасар Аружанның осыдан бірнеше жыл бұрын түскен видеолары. Аружан ән айтып, Бейбарыс еш кедергісіз ары бері жүр. Алайда Бейбарыс екіден асқанда аяғын сылтып басып, жүрісі өзгерген. Ата-анасы жергілікті емханаға апарып көрсеткенімен нақты диагноз қоя алмапты. Кейін Оңтүстік Кореяға барғанда ғана қолдарына нақты диагноз тиген.
«2017 жылы жазда корей дәрігерлерінің қабылдауында болдық. Олар бізді өз елдеріне шақырып, тексерді. «Арқа бұлшықеті артрофиясы» деген диагноз қойып, елге қайтарды», – дейді Аружан мен Бейбарыстың анасы Айжан САХАНОВА.
Бұл аздай, тұңғыштары Аружан 4-тен асқанда одан да осы ауру белгілері байқала бастаған. Оған да Бейбарыстікіндей арқа-тірек бұлшықет атрофиясы деген диагноз қойылыпты. Қос баласына жабысқан кеселмен күресіп келе жатқан ерлі-зайыптылар емін іздестіріп, емделетін мекемені де тауып қойған.
«Басында біз балалардың диагнозын естігенде қатты шошыдық. Екі жылдай ешнәрсе істей алмадық Өйткені біз басында мұны қабылдай алмадық. Былтырдан бастап емделуге толық кірісіп жатырмыз», - деді Аружан мен Бейбарыстың әкесі Балжігіт ТОРЫБАЕВ.
АҚШ-тың дәрігерлері емдеуге келісіп, еліне шақырып отыр екен. Ондағы емхана шығының өзі 140 мың, екеуіне егілуге тиіс егпенің біреуі 125 мың АҚШ доллары тұрады. Ал екі балаға мұндай екпенің 12-і салынуы қажет. Есептеп көрсеңіз, дәрінің өзіне 1 миллион 500 мың доллар қажет. Ал, Түркия елінің ақ халаттылары Мемлекеттік сақтандыру арқылы 250 мың долларға емдеуге болатынын айтыпты. Бұл да бауыр еті баласының қиналғанын көрген ата-анасына үміт сыйлап отыр. Десе де, мұндай қаражатты жинау отбасының қолынан келмейді.
«Қайырымды жандардан көмек сұраймыз. Өйткені, мұндай соманы жинау өте қиын. Жай адам емес, жағдайы орташа адамның да деңгейі жете бермейтін ақша ғой. Сондықтан ел ағаларынан көмек сұраймыз. Қазақ «әр қазақ – менің жалғызым» деп айтады ғой. Сондықтан екі баламызды емдетіп, аяғынан тұрып кетуіне көмектессе, олар еліне қызмет ететін азаматтар болатына сенемін. Өйткені, екі баламның да ақылы жүйрік. Ғылымға деген құлшынысы өте зор», - деді Аружан мен Бейбарыстың әкесі Балжігіт ТОРЫБАЕВ.
Қос балапанның бала қиялы көп. Бейбарыс доп теуіп футболшы болуды армандаса, Аружан балаларды емдейтін дәрігер болуды қалайды.
"Футболист болғым келеді. Тез аяққа тұрғым келеді», - деді Бейбарыс БАЛЖІГІТҰЛЫ.
«Жүгіргім келеді. Болашақта балалардың емдейтін дәрігер болсам деймін», - деді Аружан БАЛЖІГІТҚЫЗЫ.
Қайырымды жандар қол үшін созып, қаражат жинауға ат салысса, бүлдіршіндердің аяқтан тұрып кететін күні алыс емес. Себебі, дәрігерлер балалардың жазылып кетуіне 80 пайыз мүмкіндіктері бар деп отыр. Ал, қол ұшын созғыңыз келсе есепшот экранда көрсетулі. Қос құлыншақтың еміне жабыла қол созайық.