|
28.11.2019 | 17:34
4829

Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға 75 жыл толды

1998 жылға дейін ол еліміздегі жалғыз музыкалық жоғары оқу орны болды

Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға 75 жыл толды

Осы уақыт ішінде бұл оқу орны елімізді әлемге танытқан талай өнер саңлақтарын тәрбиелеп шығарған. Еліміздің алғашқы музыкалық жоғарғы оқу орнынының атаулы мерейтойына орай үлкен мерекелік концерт ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Мерейтой құрметіне арналған мерекелік концерт бағдарламасында консерваторияның ең үздік орындаушы солистері, студенттік оркестр, ансамбль және хор ұжымдарының қатысуымен таңдаулы классикалық туындылар және дәстүрлі ән-күй маржандары орындалмақ. Сондай-ақ әлемдік сахналарда дәстүрлі өнерімізді биік деңгейде насихаттап жүрген, оқу орны түлектерінен құрылған «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі де өнер көрсетеді.

1998 жылға дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы еліміздегі жалғыз музыкалық жоғарғы оқу орны болды. Қазақ музыка өнерінің қара шаңырағы талай таланттарды даярлап шығарды. Қазақтың әйгілі күйші композиторы Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Одағы және Қазақстанның халық әртісі Ермек Серкебаев, Қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова бар. Кейінгі буыннан Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Талғат Мұсабаев сынды классикалық өнер жұлдыздары да осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан. Қазір консерваторияны оқу орнының атақты түлегі Арман Жүдебаев басқарып отыр.

«Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория - Қазақстандағы алғашқы музыкалық жоғарғы оқу орны. 1944 жылы 24 шілдеде Қазақ ССР Халық комиссарларының кеңесі сол жылдың 1 қазанынан бастап Алматы қаласында Мемлекеттік өнер институтын ашу туралы қаулы қабылдады. Ал 1945 жылы оқу орнына ХІХ ғасырдың атақты күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді. Содан бері 75 жылдың жүзі өтті», – деді Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры Арман ЖҮДЕБАЕВ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир