|
25.11.2022 | 16:56
3973

2% ипотекамен кімдер баспана ала алады

Елде 150 мыңға жуық толық емес отбасы баспанаға мұқтаж

2% ипотекамен кімдер баспана ала алады ашық дереккөзден


Қазақстанда толық емес отбасына несиеге үй алу үшін жеңілдік берілуі керек. Айлығы шайлығынан аспайтын баспанаға мұқтаж олардың саны қазір 150 мыңға жуықтаған. Мұндай ұсынысты бүгін сенаторлар Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір елде 150 мыңға жуық толық емес отбасы баспанаға мұқтаж. Оның 60 пайызының табысы күнкөріс деңгейінен төмен. Сенатор Дана Нұржігіт тапқан таянғаны күнделікті ішіп-жемінен артылмайтын оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қолжетімді механизм керегін айтты. Оның айтуынша, әлеуметтің осал топты қолдауға арналған қаражат тиімді игерілмей келеді.

«Осы бағытты жүзеге асыруға қарастырылған 40 млрд теңгенің 10 пайыздан астамы ғана игерілген. Бұл бағдарлама өзінің тиімділігін көрсете алмады және ел арасында сұраныс жоқ. Қалыптасқан жағдайды шешу үшін жергілікті әкімдіктер халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтудың, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін, қайта бастауды сұрап отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт.

Толық емес отбасылар қазір «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шеттетілген. Бұрыңғыдай жылдық 2 пайызбен несие беру мүмкіндігі қарастырылмаған. Қазіргі жүйе бойынша олар тек 5%-дық ипотекамен үй ала алады. Сенат депутаттарының сөзінше, бұл өте тиімсіз. Енді оларға арнап жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау ұсынылып отыр. Механизмді «Отбасы банкі» пысықтап жатыр.

«Субсидияланатын жалдау төлемдерін алуға құқығы бар санаттар тізбесін «толық емес отбасылар» санатымен толықтыру ұсынылады. Ол үшін отбасының әрбір мүшесінің жиынтық табысы кейінгі 6 айдағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары болуы керек. Қазір 51 млрд теңге бөлінді. Біз бұл жеңілдік берілетін санатқа жетім, мүгедек балаларды қостық», – деді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Үйсіздер үмітін маздату үшін енді елде тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Жаңа механизм бойынша жергілікті жердегі әкімдіктер арқылы үй кезегіне қою тоқтатылады. Қолданыстағы кезек базасы «Отбасы банкке» беріледі. Вице-министрдің сөзінше, соңғы 10 жыл ішінде үйсіз-күйсіз жүрген барлық азамат орталықтың базасында пәтер кезегіне тізімделмек.

Кәмшат Мұхамеджан, Риант Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир