Екібастұз тұрғындарына электр энергиясы шығындарын өтеу үшін өтініш жазудың қажеті жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі онлайн форматта өткізген баспасөз конференциясында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
"Бұдан бұрын айтылғандай, жылу бойынша қатып қалған 70 шақты үй жылуға ақша төлеуден екі айға босатылады. Қала бойынша қалған тұтынушыларға тұтынылған электр энергиясы үшін төлемақы сомасы қайта есептеледі. Есептегіш құралдары болған жағдайда жеңілдірек, себебі барлығы тіркелген. Ал есептегіштер болмаса, қайта есептеледі, электрэнергиясын алмаған күндері үшін ақы төленбейді", — деді Аян Бейсекин.
Сондай-ақ ол «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС акционерлерімен төтенше жағдай кезіндегі шығындарды өтеу бойынша келісімге қолжеткізілгенін еске салды.
"Бұл жұмыстар жылу және қалалық электр желісімен бірге жүргізіледі. «Горэлектросеть» ЖШС-не қаражат аударылады. Осылайша абоненттердің есепшоттарына жіберу арқылы шығындар өтеледі. Ол үшін ешқайда барудың қажеті жоқ", — деді ол.
Аян Бейсекин жалған ақпараттың салдарынан тұрғындар өтініштерді қабылдау пунктіне барғанын атап өтті.