Қытайдан тағы 217 қазақстандық эвакуацияланды

Қытайдан тағы 217 қазақстандық эвакуацияланды
Мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық пункттерде 6 қаңтардан бері 260 мың адам тексеріліпті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бейжіңнен Қазақстанға жеткізілген отандастарымыз арнайы медициналық мекемелерге орналастырылған. Арасында науқастар тіркелмеді. Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында дәл осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бүгін Премьер-Министр Асқар Маминның төрағалық етуімен Үкімет қабырғасында Қазақстанда аса қауіпті індеттің таралуын болдырмау, алдын алу шаралары талқыға салынды.

Отырыста баяндама оқыған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде коронавирустық инфекция жағдайлары тіркелмегенін жеткізді. Жіті респираторлық вирустық инфекция мен жоғары температурасы бар 134 адам ауруханаға жатқызылған болатын. Олардың 106-ы сауығып, үйлеріне жіберілді. 28 науқас әлі де стационарларда ем қабылдап жатыр. Министр аса қауіпті індеттің таралуына жол бермеу үшін елімізде қабылданып жатқан шараларды тізіп берді.  

«Медициналық ұйымдардың науқас және ауруға күдікті адамдарды қабылдауға дайындық ретінде 4,5 мың қосымша төсек орын ашылды. Жеке қорғаныс құралдарының профилактикалық және емдеу заттарының қажетті резерв қоры құрылды. 2020 жылдың 30-қаңтарында дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустық инфекцияға байланысты төтенше жағдай жариялады. Осыған байланысты 31-қаңтардан Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің барлық шекарасында санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту туралы бұйрығын қабылдады», – деді, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуын болдырмау мақсатында мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық пункттерде 6 қаңтардан бастап, барлығы 260 мың адам тексеріліпті. Оның ішінде аспан асты елінен келген 30 850 адам жіті қаралды. Инкубациялық мерзімге байланысты тұрғылықты мекенжайы бойынша әлі де медициналық мекемелердің бақылауда жүрген 9 мыңға жуық қазақстандық қалып отыр. Ал бүгін таңертең тағы 217 отандасымыз елге жеткізілді.

«Бүгін түнде қазақстандық дипломаттардың күшімен 217 қазақстандық азамат Қазақстанға жеткізілді. Олар Қытайдың 36 қаласынан жиналып, Пекиннен түнде арнайы рейс жасаған болатын. Жақын арада 12-ақпанда тағы 150-ге жуық адам алып келінеді. Air Астана әуе компаниясымен бірлесіп, бұл екі рейс арнайы жіберілетін болды», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, аспан асты елінде қазір 800-ге тарта отандасымыз қалып отыр. Олардың басым бөлігі студенттер. 427сі елге қайтқысы келетінін айтып, өтініш берген. Қазір Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы қазақстандықтарды елге жеткізудің амалдарын пысықтап жатыр. Үкімет басшысы Асқар Мамин сыртқы саяси ведомствоға Қытайдаңы қазақстандықтармен тығыз байланыста болып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Ал монополияға қарсы органдар мен Денсаулық сақтау министрлігіне келесідей міндеттер жүктеді.

«Монополияға қарсы органдар мен Денсаулық сақтау министрлігі кейбір дәріханаларда медициналық маскалар мен вирусқа қарсы препараттардың бағасын жасанды түрде өсіру фактілеріне назар аударту қажет. Мәселенің мән-жайын анықтаңыздар», – деді ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН.

Айта кетейік, Қытайда вирус тарай бастағалы барлығы 42638 науқас тіркелген. Соның 3996 емделіп шықса, аса қауіпті жұқпадан 1016 адам көз жұмған. Эпидимеологиялық жағдайдың өршуіне байланысты қазір Хубэй провинциясының 16 қаласында карантин жарияланып отыр. Коронавирус бүгінге дейін 27 елде, 448 адамда расталды.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан

Новости партнеров