Кеген ауданындағы Көлсай көліне келушілер саны жылдан жылға көбейіп келеді. Күнгей Алатау баурайындағы сұлу табиғатты көруге асыққандар биылғы 4 айда 90 мыңға жуықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Көлсай көлдері» ұлттық паркі небәрі бір жылдың ішінде 300 мыңға жуық турист қабылдаған. Биыл бұл көрсеткіш тағы екі есе артпақ. Себебі бұл жердің тұмса табиғатына шет мемлекеттен келетін қонақтардың да қызығушылығы артқан.
– Қазақтың ұлттық тағамдарынан етті, бауырсақты қатты ұнатамын. Көлсай көлдеріне алғаш рет келуім. Адамдары өте қонақжай. Қазақстанға 15 жыл бұрын жұбайыммен келдік. Көп нәрсе өзгеріпті. Даму байқалады, – деді турист Шона Харди (АҚШ).
– «Көлсай көлдері» ұлттық паркі – республикалық мемлекеттік мекемесі табиғи кешендерді қорғау, қалпына келтіру, экологиялық ағартушылық, туристік мақсаттарда пайдалануға арналған ерекше қорғалатын аймақ, – деді «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің директоры Елнұр Ахметов.
Жергілікті тұрғындар «келушілер саны артқан сайын, қауіпсіздік мәселесіне де ден қойған дұрыс» дейді. Олар жаңа туристік нысандар салу ісін де қолға алу керек екенін алға тартты.
– Тоғайға шатыр құрады, сонда түнейді. Оларға тыйым саламыз. От жағады, айналаның бәрі орман-тоғай, – деді Саты ауылының тұрғыны Есбол Рысбаев.
– Кегеннің жоғарғы жағында Мыңжылқы, Шарқұдық деген әдемі жер бар. Ауданымызда Тұйық, Елтай сарқырамасы, үш Меркі өзендерінің жағасында да туристерді қабылдап жатқан орталықтар бар. Қарқынды жұмыс істеп жатыр, – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Аталған аймаққа ат басын бұрған ағайын мынау Қайыңдыны көрмей кетпейді, себебі дәл мынау кереметті көру үшін негізгі жолдан 12 шақырым жаяу жүреді, яки арнайы жалданған такси көліктері де бар. Ал тарихына тоқталатын болсақ, 1911 жылы жер сілкінісі салдарынан мынау екі таудың ортасы таспен бөгеліп, осындай тоспа жиналған деседі. Қайыңдының жолы қалың ел қаузаған түйткіл екені баяғыдан мәлім. Соған қарамастан мұнда келіп-кететін кісі көп. Үндістаннан келген туристер «тау маңына қонақ үй көп салынса» деген тілегін жеткізді.
– Алматыда 6 күн болдық, бірінші рет келдік. Ал Қайыңдыға келмес бұрын зерттедік, жолға кететін уақытты санадық. Табиғаты тамаша, жаның рахаттанады. Инфраструктурасын дамытса, қонақжайлар, дәмханалар көп салынса, керемет жер! – деді турист Приянка Висария (Үндістан).
Республика бойынша ең ірі туристік нысандары бар Кеген ауданында табиғатты кешенді қорғау үшін жылда парктер шеруі өтеді. Оған мектеп оқушысынан бастап, түрлі саладағы үздік мамандар атсалысады.
– Биыл парктер шеруі 18 рет өткізіліп отыр. Былтыр 244 мың 733 адам келсе, соның 100 мыңы Қайыңды көліне көрді. Ал осы күнге дейін 83 мың турист келді. Үлкен мәселе – Қайыңды көліне келетін жол, электр қуаты тартылмаған, – деді «Көлсай көлдері» ұлттық паркі туризм бөлімінің бастығы Руслан Иманбаев.
Электр қуатының тартылмағы былай тұрсын, мамандар Қайыңды көлінің тартылып қалу қаупі барын жасырмайды. Сондықтан болшақта бөгет салынуы да мүмкін. Ал жыр болған жол мәселесі жоспарға енгізілген. Алматы облыстық Туризм басқармасы министрлікке ұсыныс хат жолдаған.
Әлібек Шынтемір, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеранасы
Оқи отырыңыз: Батыр бала: сәбиді құтқарған оқушыны бас мұғалім құттықтады