Атырау облысында көктемгі және күзгі шақыру кезеңінде 1 087 бозбала Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды. Оның ішінде 595 жігіт көктемде, 492-сі күзде әскерге шақырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Есмұхан Қажкеновтің айтуынша, соңғы жылдары жастардың тарапынан әскерге баруға құлшыныс байқалып отыр.
- 2023 жылы көктемде Атырау облысынан 633 жасты әскерге шақыру жоспарланған еді. Көктемгі әскерге шақыру науқанында 595 жас әскер қатарына шақырылды. Бұл жоспардағы көрсеткіштің 94 пайызын құрады. Ал күзгі шақыру кезеңіндегі жоспарда 652 бозбаланы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жіберу көзделді. Осы кезге дейін 492 атыраулық әскерге аттанды, - деді Есмұхан Қажкенов.
Атырау облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы күзгі жоспар 75 пайызға орындалғанын айтты. Жоспардың толық орындалмауының бірнеше себебі бар. Бірінші себеп жастардың денсаулығымен байланысты болып отыр. Екіншіден, кейбір бозбаланың әскерге баруға ынтасы болмаған.
- Атырау облысында әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен қамтамасыз ету іс-шараларына жергілікті бюджеттен 124 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Әскерге аттанған атыраулықтар Қарулы күштер, мемлекеттік күзет қызметі, шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде борышын өтеп жүр, - деді Есмұхан Қажкенов.
Оқи отырыңыз: Ажар Ғиният қызылша өршіген өңірлерді атады