Делиден Астанаға ұшып келген жолаушының қауіпті диагнозы 2 күннен соң нақтыланады

12.03.2019 21:58

Науқас қазір ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауландырылып, қажетті сараптамалардан өтуде

Делиден Астанаға ұшып келген жолаушы шынымен тырысқақ ауруына шалдыққан ба? Науқас қазір ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауландырылып, қажетті сараптамалардан өтуде. Ал оның нендей дертпен ауырғаны тек 2-3 күннен кейін нақты анық болады. Бұл туралы бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«И. есімді науқас және оның жанында болған А. есімді әріптесі бактериологиялық-зертханалық зерттеуден өтті. Оларға диагнозын нақтылау үшін жұқпалы аурулар аруханасына жату ұсынылды. Алайда, науқастар ұзақ уақыт бойы келіспеді. Ақыры келісіп, жеке орынға оқшауландырылды. Сараптама алынды. Нақты диагноз қою үшін полимеразалық тізбекті реакцияға, иммуноферменттік сараптамаға үш оң зерттеу қажет. Зерттеу классикалық әдіспен жүргізіледі. Нақты диагноз 2-3 күннен кейін қойылады», – деді ҚР бас санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН.  

Жандарбек Бекшин, сондай-ақ, науқас ұшып келген ұшаққа толықтай зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, жүктер, көлік және автобус та зиянсыздандыру шарасы жасалған. Бұл үшін ұшақ қонар алдында шұғыл штаб ұйымдастырылыпты. Еліміздің бас санитарлық дәрігері науқастың Украина азаматы екенін, елімізге транзитпен Киевке өтіп бара жатқанын жеткізді. Анықталғаны, ол Үнді елінде екі айдай болған.

Естеріңізге сала кетсек, кеше, 11 наурыз күні сағат 23.50-де Дели – Астана бағытындағы КС-242 рейсі елорда әуежайына қонған. Оның бортында 136 жолаушы болған еді. «Эйр Астана» әуе компаниясының агенті олардың арасында тырысқақ ауруын жұқтыруы мүмкін азаматтың отырғанын хабарлаған. Бортсеріктер науқасқа бөлек дәретхана ұйымдастырып, оның өзге жолаушылармен байланысын мүмкіндігінше азайтуға тырысқан.  

Теги: дәрігер