Биыл көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй салуға 100 млрд теңге бөлінбек

12.03.2019 23:24

Қаржы министрі Әлихан Смайылов Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыруға бағытталған қаржының қалай жұмсалатынын айтып берді

Көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй салуға 100 млрд теңге бөлінетін болады. Бүгін Үкімет отырысында еліміз премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы айтқан «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыруға бағытталған қаржының қалай жұмсалатынын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

«Сәуір айында жалға берілетін тұрғын үй бойынша қаржыландыру басталады. Жыл сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасылар қосымша 6 мың жалдамалы  пәтермен қатамасыз етіліп отырады. Бұл үй кезегінде тұрғандар. Атап өту керек, баспана кезегінде бүгінде 28,1 мың отбасы тұр», – деді ҚР премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.  

Үкімет сағатында белгілі болғаны, 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасында қаражатты 3 бағыт бойынша бөлу көзделген.  Мәселен, 444,3 млрд теңге «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыруға бағытталмақ. Атап айтсақ, азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдауды күшейтуге 224,3 млрд теңге жұмсалады. Аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілдетілген пайызбен несие беруді енгізуге 100 млрд теңге бөлінбек. Ал өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 90 млрд теңге құйылады. Бұдан бөлек, «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруға 30 млрд теңге берілмек.  

«Екінші бағытта Жастар жылын өткізу аясында іс-шараларды іске асыру 24,6 млрд теңге бөлінеді. Үшінші бағытта Елбасының 2017 және 2018 жылдардағы Жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға 286 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаржыға Түркістан облысының және Астана қаласының кешенді даму жоспарларын іске асыру, Астана қаласында ғылыми-онкологиялық орталық салу, «Сарыарқа» газ құбырын тарту көзделген», – деді Әлихан СМАЙЫЛОВ.