Тығыз құрылыс салуға қарсымыз. Медеу ауданының халқы тұрғын үй кешенінің ауласына жекеменшік компания иесінің қоршау салып, өз жобасын іске асырмақ болғанына нарызылық білдірді, деп хабарлайды Almaty. tv тілшісі.
Үйімізге кіріп-шығатын жалғыз есікті бөгеп тастағанның кесірінен жүріп-тұруымыз қиындап кетті деп налиды. Тұрғындардың айтуынша, бұл – үйлеріне кіріп-шығар жалғыз есік. Медеу ауданының тұрғындарына пәтер сатып аларда бұл жерге балалар алаңы салынады, аула түгелдей абаттандырылады деп сендірген.
«Бала-шағасы бар отбасы көп. Ал 5-қабатта мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрады. Оларға қиын болады. Өздеріңіз көріп тұрғандай аула іші онсыз да кішкентай», – деді Медеу ауданының тұрғыны Азамат Жарғасов.
Бәрінен бұрын тұрғындар алда-жалда төтенше жағдай бола қалса, жедел жәрдем мен өрт сөндіру көлігі өте алмай қалады деп алаңдайды.
«Есік алдындағы мына жерді тұрғын үй компаниясының өкілі басқа біреуге сатып жіберген. Біз оны кейін білдік. Жекеменшік жер иесі біздің рұқсатымызды алмастан, есік алдына үлкен қоршау салып жұмыстарын бастап та кетті. Содан кейін ғана біз шу көтердік», – деді Медеу ауданының тұрғыны Әлия Құсайынова.
Ал құрылыс салайын деп жатқан жер иесі бұл орынды 2 жыл бұрын жекенің қолынан несиеге сатып алғанын, енді соның ақшасын өтеу үшін өз жобасын жүзеге асырғысы келетінін айтты. Ол үшін айналаны қоршап, жұмысшыларын жайғастырып, құрылысты бастап та кеткен. Медеу ауданы әкімдігі де бұл мәселеден хабардар болып шықты. Оны бір жақты шешу үшін тұрғындармен және екі жақ тараппен жиналыс та өткізіпті.
«Бұл – дау 2 жекеменшік жер иесінің өзара арасындағы мәселе. Екеуінің де құжаттарын тексердік, заңды. Құрылысқа енді тұрғындар наразылық танытып отыр. Көпшілікті аудандық прокурормен жолықтырдық. Олар өз тарапынан бұл мәселені тіркеді. Енді 3 аптадан кейін өз шешімдерін шығару керек», – деді Медеу аудандық әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек Тілекенов.
Жұртшылықтың базынасына айналған бұл түйткілдің қалай шешілері әлі белгісіз. Аудан халқына құзырлы органдардың жауабын күтуден басқа амал жоқ.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы