Алматыда кәсіпкерлер палатасы жанынан инновациялық және креативті индустрияны дамыту комитеті құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Комитет ғылыми ортамен, жоғары оқу орындарымен және бизнес өкілдерімен бірлесе отырып жұмыс істемек. Енді ғылыми жетістіктер бизнес арқылы қолдау табады. Ол үшін арнайы жоспарлар әзірленеді. Мақсат – ғылыми инновацияларды коммерцияландырып, мемлекеттік компаниялар мен кәсіпкерлік салада қолдану. Комитетке тиесілі жұмыс тобы да құрылады. Оның құрамына тиісті салалардағы беделді тұлғалар енбек.
«Венчурлық фондтың аясында 10 млрдқа жуық қаржы бөлінетін болады. 5 млрд мемлекет, 5 млрд жеке инвесторлардың тарапынан. Енді креативті индустрия саласына 500 грант 500 млн сомасында бөлінетін болады. Яғни бұл да алғашқы қадам деуге болады. Өйткені осы гранттар талантты тұлғаларға жететін болса олар да әрі қарай дамып, алып кетеді деген ойдамыз», – деді Қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Жалпы елімізде шағын және орта бизнестің басым бөлігі Алматыда орналасқан. Ал креативті индустрия саласында қалада 27 мыңға жуық кәсіпкер жұмыс істейді. Сарапшылар комитеттің құрылуы ғылыми инновациялардың дамуына үлкен серпін беріп, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының пайда болуына түрткі болады деген ойда.
«Мемлекеттің креативті индустрияға деген көзқарасы өзгере бастады. Әдетте дәстүрлі экономикада тауарды көзбен көріп, қолмен ұстауға болады. Ал мұнда адам ақылын, жанын, талантын салады. Тек ақшалай ғана көмек көрсетіп қоймай, кәсіпкерге бренд қалыптастыруға жағдай жасау маңызды. Қазақстандық киноны, сәнді, дизайнды тұтынушылар тек патриот болғаны үшін емес, расымен брендке айналғаны үшін таңдауы керек», – деді креативті индустрия жөніндегі сарапшы Айка Әлемі.