Бүгін, 2020 жылдың 1 ақпанында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге бағытталған ұйымның жобаларымен танысу мақсатында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Алматыдағы SOS балалар үйі» мемлекеттік емес білім беру мекемесіне барды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыдағы балалардың SOS ауылы – отбасынан айырылған балаларды оңалту, бақытты балалық шақ пен ересек өмірге дайындық үшін қолайлы жағдайлар жасалған балалар үйлеріне балама ретінде ашылған мекеме.
Балалардың SOS-ауылында әр отбасы жайлы үйде тұрады. Әркім өз бетімен шаруашылық жүргізеді. Қазіргі уақытта балалар ауылында 12 отбасы тұрады, онда 57 бала тәрбиеленуде. Жастар қамқорлығының аясында 25 жасқа қызмет көрсетіледі. Жастар қамқорлығы 18 жастан кейін тәрбиеленушілерге өткізіледі. Жастарды Жасөспірімдер үйінде немесе оқу орны бойынша жатақханаларда орналастырады және 23 жасқа дейін көмек беріледі.
Жыл сайын Алматы қаласының SOS балалар ауылының 16 жастағы түлектері Жасөспірімдер үйіне ауысады. Қазіргі уақытта Алматы қаласында 3 Жасөспірімдер үйі жұмыс істейді. Жасөспірімдер үйлерінен кейін балалар өз беттерімен тұруға көшеді. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров балалар ауылының аумағында тұратын екі отбасына барып, балалармен, ата-аналармен, тәрбиешілермен кездесті. Басымдыққа ие стратегиялық бағыттарды дамыту және қолдау шараларын көрсету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталған жобалар қаралды: «өмірлік қиын жағдайда қалған балалары бар әйелдерге арналған дағдарыс орталығының» АСАР жобасы және отбасы мен балаларды қолдау орталығы. Бұл жобалар 2017 жылдан бастап «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылады.
Алматы әкімдігі жыл сайын балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға, оның ішінде тәрбиеленушілердің лагерьлер мен оқушылар үйлерінде демалуына қаражат бөледі.
Бүгінгі күні SOS ұйымдар әлемнің 135 елінде жұмыс істейді. «SOS Алматы Балалар ауылы» мемлекеттік емес білім беру мекемесі 1997 жылы жұмыс істей бастады. Осындай жобалардың мақсаты – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ұзақ мерзімді негізде жаңа отбасына ие болуға мүмкіндік беру.