Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру аясында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» 2018 ж. бастап мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, жоғары білім ұйымдары үшін 22 номинация бойынша бейне-сабақтар мен бейне-дәрістердің «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсын жыл сайын өткізуде. Биылғы жылы конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау салтанаты Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, 11 желтоқсанда «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының жаңа ғимаратының ашылуымен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаншама жыл тарихында өз шаңырағына енді ғана қол жеткізген Институт қабырғасында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма Төрағасы Г.К. Ахметова, филиал директорлары, білім және ғылым саласының көрнекті қайраткерлері, жергілікті әкімшілік өкілдерінің қатысуымен өткен бірінші орын иеленген жүлдегерлер мен 2,3 орын иеленген шығысқазақстандық жеңімпаздарды марапаттау рәсімі «Өрлеудің» барлық филиалдары мен төрткүл әлемге YouTube-тегі «Өрлеу Білім каналы» бойынша трансляцияланады. Ал 2-3 орынды иеленген жеңімпаздар өңірдегі филиалдардың мәжіліс залынан тікелей эфир арқылы салтанатты жиынға қатысып, марапат пен сыйлықтарын иеленді. Конкурстың Республикалық кезеңіне өткен мұғалімдерге «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма Төрағасының «Алғыс хаты» берілді.
Бірыңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау және насихаттау, педагогтердің ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыруды көздейтін конкурсқа Қазақстанның 1980 мұғалімі қатысты. Осынау дүбірлі сайысқа Алматы қаласынан 70-ке тарта ұстаз өз жұмысын ұсынған болатын. Кәсіби біліктілігі мен шеберлігі сынға түскен аламан бәйгеде Алматы қаласынан шыққан 5 жеңімпаз бес тармақты жұлдыздай болып әсем шахарға қуаныш нұрын төккендей.
Республикалық конкурс жеңімпаздары:
1 орын – Тяпухина Лариса Викторовна («Орта білімді оқытудағы заманауи технологиялар» бағыты, «География/жаратылыстану мұғалімі» аталымы бойынша жеңімпаз, №144 мектеп-гимназия),
2 орын – Дүйсенбаева Әсем Аманжанқызы («Техникалық және кәсіптік білім берудегі заманауи технологиялар» бағыты, «Өндірістік оқыту шеберлері» аталымы бойынша, Алматы мемлекеттік политехникалық колледж),
3 орын – Алмабаева Гулнур Ислямгазыевна («Орта білімді оқытудағы заманауи технологиялар» бағыты, «Ағылшын тілінің мұғалімі» аталымы бойынша жеңімпаз, №174 мектеп-гимназия),
3 орын – Исламова Гульбанум Тургановна (оқытушы), Кеншимбаева Айгуль Бахытжановна (өндірістік білім беру шебері), («Техникалық және кәсіптік білім берудегі заманауи технологиялар» бағыты, «Өндірістік оқыту шеберлері» аталымы бойынша жеңімпаздар, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ Авиациялық колледжі),
3 орын – Нұрлыбаев Қайсар Көпжасарұлы («Жоғары білім берудегі заманауи технологиялар» бағыты, «ЖОО Профессорлық-оқытушы құрамы» аталымы бойынша жеңімпаз, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің аға оқытушысы).
Қазақстанның білім беру жүйесінде осындай ауқымды конкурстық жобаның кеңінен қанат жаюы бізді қуантады. Өйткені, бәсекеде шеберлігі мен біліктілігін танытқан ұстаздар шәкірттерін де тайталасқа түскенде өзінің мүмкіндігін қалт жібермейтін алғырлыққа жетелейді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақы» – демекші шәкірттерінің бойына білім нәрін төгетін ұстаздарымыздың мерейі үстем болсын.