Бұған дейін шағынауданда 157 мемлекеттік қызметкер қоныс тойын тойлаған еді
Бүгін тұрғын үй басқармасында Алматы қаласының педагогтарына пәтерлер кілті табыс етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оларға үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Саялы» шағынауданынан бұйырған. Бұған дейін де аталмыш шағынауданда 157 мемлекеттік қызметкер қоныс тойын тойлаған еді.
Айта кетсек, бүгінде 22 мыңға жуық алматылық үй кезегінде тұр. Жыл соңына дейін олардың 1500-ін «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспанамен қамту жоспарлануда.
«Бұл бағдарламамен үй алсақ деп ниеттенгенімізге 2 жылдай болды. Бұйырған пәтеріміз бір бөлмелі, бағасы 6 млн 400 мыңнан асады. Бұл – біз үшін қолжетімді баға. 19 жылға деп есептедік, бастапқы 5 жылда 41 мың теңгеден төлейміз. Одан ары қарай 50 пайызын жинап үлгерсек, тек негізгі қарыздың 21 мыңдайын ғана төлейміз», – деді тұрғындардың бірі Әйгерім ТӨЛЕБАЕВА.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерлердің жартысы жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтарға бөлінсе, қалған жартысы банк салымшыларына үлестіріледі. 2019 жылдан бастап бізде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде барлығы 8000-ға жуық пәтер берілді. Ішінде 157 бюджет саласының қызметкері бар», – дейді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы міндетін атқарушы Жасұлан ДҮЙСЕКЕНОВ.