Алматының ауыз суын қайнатпай-ақ іше беруге болады – мамандар

Алматының ауыз суын қайнатпай-ақ іше беруге болады – мамандар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар тұтынатын ауыз су сапасына жүргізілетін түрлі тексеріс саны  – жылына 500 мыңнан асады! Сондықтан тұрғындар құбырдан аққан тіршілік нәрінің тазалығына еш күмәнданбай, қайнатпастан іше берсе болады. Бұл туралы бүгін химия-бактериологиялық зертханада сараптама жасаған мамандар мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір халыққа жіберілетін суға бұрынғыдай хлор қосылмайды екен. Ауыз су тек ас тұзымен тазартылады.

Алматы тұрғындары тәулігіне 600 мың текше метр тіршілік нәрін тұтынады. Оның 70 пайызы жерасты су көздерінен алынса, қалған 30 пайызы Үлкен және Кіші Алматы өзендерінен келеді. Ауыз су халыққа таратылмас бұрын қаладағы екі үлкен тазарту станциясына жетеді. Мұндағы мамандар күндіз-түні кірпік қақпай, сұйықтықтың сапасын тексереді. Тіршілік нәрі автоматты қондырғылар арқылы құм мен қоқыстан тазартылып, бірнеше тұндыру кезеңінен өтеді.

«Судың сапасын біз тәулік бойы тексеріп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырамыз. Күн сайын су алатын 4000-ға жуық арнайы нүктеміз бар. Мекеме болсын, балабақша болсын немесе басқа да саяжайлар болсын, қай жерде су бағаны бар, сол жерге барып, судың сынамасын алып отырамыз», – деді «Алматы Су холдингі» МКК қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Ақбота ЖЫЛЫСОВА.

Су тазартатын станцияның сүзгісі әр 3 сағатта тіршілік нәрімен толтырылады. Ал залалсыздандырылған ауыз су құбырларға жіберілген соң, одан сағат сайын химиялық және бактериологиялық сынама алынады. Айта кетсек, халыққа жіберілетін суға ас тұзынан бөлінген натрий гипохлориті қосылады.

Бұрын мамандар ауыз суды тазарту үшін сұйық хлор қолданған екен. Бірақ улы заттың қаупін ескере отырып, 2011 жылы мұндай тәсілден толық бас тартқан. Қазір алматылықтар тұтынатын тіршілік нәрі мынадай қарапайым ас тұзының көмегімен тазартылады. Бұл үшін күніне 1,5 тонна тұз жұмсалады.

Дегенмен, қазір қала тұрғындарының дені ауыз судың хлорсыз, таза екеніне сенбейді. Сондықтан тіршілік нәрін тұтынбас бұрын, оны қайнатып, арнайы сүзгілерден өткізгенді жөн көреді. Бірақ Алматыны сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме мамандары тұтынушылардың күмәні қисынсыз дейді.

«Алматы тұрғындары кранның суын қорықпай іше берсе болады. Егер сіз сүзгілер қойып, қосымша тазаласаңыз, судың минералдарын өлтіріп аласыз. Ал минералға бай тіршілік нәрін көп пайдалансаңыз, өз ағзаңызға пайдалы. Алматының ауыз суы жұмсақ, таза әрі минералға бай», – деді «Алматы Су холдингі» МКК бас технологы Людмила ЕРЁМИНА.

Жалпы, алматылықтар тұтынатын ауыз су сапасына сынама күніне бірнеше нүктеден алынады. Сонда бір жылда тексеріс саны 500 мыңға дейін жетеді дейді технолог-мамандар. Жүргізілген бақылаулар бойынша соңғы 20 жыл ішінде су құрамы айтарлықтай өзгермеген. Сынамалар жылдың кез келген уақытында алынады. Зертхана мамандары әсіресе, қыста таудан келген тіршілік нәрі мөлдір, таза болады деген қорытынды жасап отыр.


Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров