Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова үш жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақыны беру мерзімін ұзарту жоспарланып жатқанын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы вице-министр көпбалалы отбасыда қайтыс болған қыздардың оқиғасына қатысты пікір білдіру барысында айтты.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі декреттегі әйелдерге жәрдемақы беру мерзімін ұзарту туралы бірнеше рет ұсыныс жасаған болатын. Бюджеттік қаражатты ескере отырып, біз республикалық бюджеттік комиссияға өтініш қалдырғанбыз. Біздің ұсыныс әлі мақұлданбады. Енді тағы да ұсыныс жасаймыз», - деді үкімет отырысында вице-министр Жақыпова.
Оның айтуынша, Астанадағы көпбалалы отбасы аз қамтылған отбасылардың тізімінде болмаған. Қаза тапқан қыздардың ата-анасы мемлекет тарапынан барлық жәрдемақы алып отырған. Сондай-ақ, Жақыпова кейбір әйелдердің баланың бір жасқа толғанын күтпей жұмысқа шығатынын айтты.
«Бұл адамдардың өзіне байланысты. Өкінішке орай, біз әйелдерді мәжбүрлеп, жұмысқа шығуға болмайды деп айта алмаймыз. Бірақ олар өз іс-әрекеттеріне жауапты болуы керек. Олар балаларына жақсы жағдай жасаса, онда жұмыс істеуіне болады. Ал бірақ мынадай жағдай болса...(...) Мен жұмысқа шыққан кезде балам үш айға толмаған еді. Онымен бірге жұмыс істеп, іссапарға да шығатынмын. Бірақ мен жұмысқа ақша табу мақсатында шыққан жоқпын», - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.