Бүгін «Алматы» телеарнасының бас директоры, журналист Нұржан Мұхамеджанова Қазақстанның Журналистика Академиясының шешімімен Академияның толық мүшесі-академигі болып сайланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстан Журналистикасы Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев пен отандық журналистикаға ерен еңбегі сіңген ел ағалары қатысып, Нұржан Жалауқызының БАҚ саласында атқарып келе жатқан ерекше еңбегін атап өтіп, академия дипломын және журналистика саласындағы ерекше қызметі үшін төсбелгіні салтанатты түрде табыстады.
«Еңбегімді бағалап, осындай үлкен атақ беріп жатқаны мен үшін үлкен қуаныш, мақтаныш әрі жауапкершілік. Бұл менің ғана емес, бірге жұмыс істеп жүрген ұжымның еңбегі деп білемін. Коронавирус індеті ушыққан кезде «Алматы» телеарнасының журналистері аянбай қызмет етті. «Қызыл» аймақтан хабар таратты. Мен өткен жылға ризашылығымды білдіремін, біз қиындықтан бірге өттік», – деді Нұржан Мұхамеджанова.
Кездесуге сондай-ақ көрнекті журналистер, академиктер мен қоғам қайраткерлері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезов, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейтқазы Матаев, Журналистер одағының мүшесі, «Алматы ақшамы» бас директоры Төлеміс Күлмұхамедов қатысты.
«Академияға өте лайық адам таңдалды деп білемін. Нұржанның бүгін оның ақылды екенін, көзінде айтары бар адам екенін байқап отырмын. Оның көзінде тазалық, әрі нақтылық бар», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.
Нұржан Жалауқызы еңбек жолын Қазақ радиосында балалар мен жастарға арналған бағдарламалардың редакторы қызметінен бастаған. Қазақ радиосының саяси сарапшысы, ел Президентінің баспасөз қызметі мен бірқатар отандық телеарналарда басшылық қызмет атқарған журналисті аға буын арнайы құттықтай келді.
«Ғажап мерекенің, 8 наурыздың қарсаңында отандық журналистика үшін айтулы күн болып отыр. Қазақстанның Журналистер Академиясына еліміздегі үздік журналистердің бірі Нұржан Жалауқызы сайланды. Ол кәсіби мықты маман ғана емес, жаны таза, жүрегі таза адам», – деді баспагер-полиграфист Валерий Жандәулетов.
«Нұржан Жалауовна Қазақстан Академиясының академигі болды, біз өте қуаныштымыз. Мен 90-жылдан бастап Нұржанды білем. Енді үлесі көп. Бір жағынан ол Қазақстанның түрлі арналарын басқарды. Атқарған жұмысы белгілі, бәріміз білеміз», – деді Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.
Айта кету керек, 2021 жылы Академия өзінің 20 жылдығын атап өтеді. Оның құрамында еліміздің журналистикасының майталмандары бар. Олардың ішінде: Олжас Сүлейменов, Нұрлан Нұрғазин, Тілеужан Есілбаев, Жанна Ахметова, Махат Садықов, Александр Краснер, Ерлан Бекхожин, Әділ Нүсіпов, Ұлықбек Есдәулет, Қымбат Хангелдина, Арманжан Байтасов және т.б. бар.
Академия мемлекеттің демократиялық ұмтылыстарына көмек ретінде елдің журналистік қоғамдастығын шоғырландыруға қабілетті әлеуметтік институт ретінде құрылды. Ондағы академиктің мәртебесі – ғылыми атақ емес, журналистік саладағы еңбектің мойындалуы.