«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер». Алматыда әкесі де, баласы да еңбек жолын құзырлы органдарда қызмет етуге арнаған 50-ден астам отбасы бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Темірдей тәртіпті қызметте ғана емес, шаңырақта да ұстанған әулеттің бірі – Рәмиевтер отбасы. Үйдің отағасы Мұхаметбай полиция қызметіне 32 жылын арнаған. Тәжірибесі мол маманның 4 баласы бар. Бүгінде олардан немере сүйіп, солардың қызығына тоймай зейнетте отыр.
– Төрт бала тәрбиелеп өсірдім. Үш қыз және ұлым бар. Балаларымның арасында үлкен қызым Ішкі істер органында қызмет атқарады. Қазір Алматы қалалық Полиция департаментінде штаб бастығы, полковник. Кенже ұлым да сол департаментте қызмет атқарады, – деді зейнеткер Мұхаметбай Рәмиев.
Зейнеткер «құзырлы органда қызмет ету асқан жауапкершілікті талап етеді, қауіп те басым» дейді. Сондықтан балаларының күштік құрылымда жұмыс істеуін қаламаған көрінеді. Алайда ұл-қыздары әкесін үлгі етіп, полиция болуға қаршадай кезінен қызыққан. Мұхаметбайдың тұңғышы Айжан Рәмиева – 21 жылдық тәжірибесі бар білікті маман.
– Бала күнімнен полиция жұмысына қызығатынмын. Қоғамдағы тәртіпті сақтап, қылмыспен күресуді армандайтынмын. Алға қойған мақсатым осы қызметке жетеледі. Осылайша жүрегіме жақын мамандығымды, бала арманымды ақиқатқа айналдырдым, – деді ПД штаб бастығы Айжан Рәмиева.
Ал үйдің кенжесі Дінмұхамед 6 жылдан бері полиция қызметінде жүр. Айтуынша, бұл мамандықты бала кезден армандап, мақсат еткен. Таңдауына еш өкінбейді. Әкесін пір тұтқан ол балаларының да жолын жалғастырса еш қарсылық білдірмейтінін айтты.
– Ес білгеннен әкемді батыр ретінде көремін. Мен үшін ол кісінің орны бөлек. Оның қызметіне деген адалдығы маған үлгі болды. Содан болар, бала күннен полиция қызметіне қызықтым. Зұлымдықпен күресіп, Қазақстанға үлесімді қосуды мақсат еттім, – деді ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Дінмұхамед Құдайберген.
Мұхаметбай қызметте қаза болған әріптесінің 2 баласын асырап, оларға да тәрбие берген.
Оқи отырыңыз: Астаналық әйел балаларымен бірге терезеден секірмек болған