Бас партия бұдан былай жетістікке бастайтын 7 бағыт бойынша жұмыс істейді
Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы партия активінің отырысында партия көшбасшысы, Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партияны қайта жаңғырту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Бас партия жаңғырту жолына қадам басты. Бүгін Алматыда Нұр Отанның белсенді мүшелері жиналып, партиялық жобаларды қайта қарады. Отырысқа жиналғандар партия еліміздегі әрбір азматтың қасынан табылып, қашанда көмек қолын созып келе жатқанын айтты. Дегенмен, уақыт талабына сай жаңару жолына түсу қажет деп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Нұр Отан партиясының бізбен бірге болғанына биыл 20 жыл толды. Бас партия құрылғаннан бері халықтың басындағы мәселесін шешу үшін нақты жолдар ұсынып, тиімді жұмыс істеп келеді. Дегенмен, дамуда шек жоқ. Сондықтан, бүгін Nur Otan партиясының қалалық филиал төрағасы Бақытжан Сағынтаев бастап, активпен жиын өткізді. Басты мақсаты - партияны қайта жаңғырту мәселелерін талқылап, жаңа қолға алынған жобаларды бұлжытпай жүзеге асыру.
«Нұр Отан партиясы өзінің 20 жылдық тарихында мемлекетіміздің өсіп, өркендеуіне маңызды рөл атқарып, халық арасында үлкен беделге ие болды. Елдің басқарушы партиясы ретінде әлі де талай атқарар жұмыстар жетерлік. Осы мақсатта Елбасы «Нұр Отан» партиясының саяси кеңейтілген отырысында сенім, диалог, болашаққа нық қадам атты партияны қайта жаңғырту жаңа бағдарламасын ұсынды. Және халықпен жұмыс істеу тәсілдерін өзгерту бойынша бірқатар міндеттерді жүктеді», - деді Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиал төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Бас партия халықпен тығыз байланыс орнату үшін жетістікке бастайтын 7 серпін, яғни 7 бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Мәселен, қалалық филиал ай сайын азаматтарды қабылдайды. Соңғы үш ай ішінде 309 қабылдау өтіп, 4322 азаматтың мәселесі қаралды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге көп. "Халыққа көмек" ұлттық жобасының аясында қаламызда мобильді халыққа көмек акциясы іске қосылды. Апта сайын жергілікті атқарушы орган басшылары дүйім елге өздері келеді.
«Барлығы 112 қабылдау өткізіліп, 3771 азамат қабылданды. Барлық бастауыш партия ұйымдарында қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылды. Ашылғаннан бері ұйым төрағалары апта сайын азаматтарды қабылдау жүргізеді. Барлығы 2 мыңнан астам адам қабылданды. Құтты мекен партиялық жобасы аясында қалалық филиал төрағасының тапсырмасы бойынша қаладағы 102 инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары партиялық бақылаумен қамтылған», - деді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав КАНКУРОВ.
Партия жұмыстарын жүзеге асыруда қалалық мәслихат депутаттары да тынбай еңбек етуде. Олар да апта сайын азаматтарды қабылдап, сұрақтардың 40 пайызы оң шешім тапқан.
«Өздеріңіз білетіндей, Алматыда қолға алынған «Бақытты отбасы» бағдарламасын жергілікті мәслихат депутаттары бірден қолдады. Халық қалаулылары өз қалтасынан 60 миллион теңге қаржы аударды. Сондай-ақ, Арыста зардап шеккен тұрғындарға 37 миллион теңге демеушілік көмек көрсетілді. Одан бөлек, депутаттар әлеуметтік жобаларға, партия жобаларына қуана қолдау көрсетеді», - деді Алматы қаласы мәслихатының хатшысы Қалдыбай ҚАЗАНБАЕВ.
Соңғы уақытта «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Құтты мекен» жобасы аясында қаладағы 100-ден астам құрылысы бітпеген нысан бақылауға алынды. Мониторинг кезінде 24 нысанда кемшіліктер анықталған. Қазіргі уақытта олқылық түзеліп, қалпына келтіріліпті. Бас партия мүшелері бұл жұмысты ары да жалғастыра бермек.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы