Браконьерлер қолынан қаза тапқан Қаныш Нұртазинов жұма күні жерленеді

Браконьерлер қолынан қаза тапқан Қаныш Нұртазинов жұма күні жерленеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаныш Нұртазиновты туыстары мен жақындары жұма күні, 26 шілдеде Қарағанды облысының Жезқазған қаласында ақтық сапарға шығарып салады. Марқұмның мәйіті, алдын ала мәлімет бойынша, туған жеріне 25 шілдеде жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Қаныш Нұртазинов Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қоскөл ауылында туып-өскен. Әскерде отан алдындағы борышын өтеген соң туған ауылына оралады. 2012 жылы ол Қоскөл ауылында учаскелік инспектор болып қызмет етті. 

2016 жылдан бері «Охотзоопром» инспекторы болып, вахталық әдіспен жұмыс істеген. Жұбайы Сайлаукүл ауылдық кітапханада жұмыс істейді. Марқұмның соңында 5 баласы қалды, үлкен қызы - 20 жаста, ал кенжесі - 3 жаста. Қоскөл ауылында қайтыс болған инспектордың ағасы тұрады, бұған қоса оның інісі және екі қарындасы бар. Марқұмның қарт анасы Кеңгір ауылында тұрады.

«Қоскөл ауылының халқы Қаныш Нұртазиновтың қайтыс болғанын естігенде қатты қайғырды. Себебі оны бәрі өте жақсы көретін және құрметтейтін. Ол мейірімді, жауапты адам еді. Көмек сұрап келгендерге әрдайым қол ұшын созуға дайын болатын», - дейді Қоскөл ауылының әкімі Досет Уатаев.

Ауыл тұрғындары марқұмның отбасына жерлеуге қажетті көмекті көрсетуде. 

«Біздің ауыл өте кішкентай, бірақ соған қарамастан ауылдың әрбір тұрғыны өз үлесін қосып, жерлеуді ұйымдастыруға көмектесіп жатыр», - деді ауылдық округ басшысы. 

Әзірге марқұмның денесі туған ауылына жеткізілмеген. Алдын ала мәлімет бойынша, мәйіт 25 шілдеде әкелінеді. Ал 26 шілде, жұма күні Жезқазған қаласында марқұмның жаназасын шығару рәсімі өтеді. Қаныш Нұртазиновты туыстары Қоскөл ауылында жерлемек. 

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, 23 шілдеде шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында киік атқандарды анықтайды. Браконьерлер ізіне түскен екі инспекторға қарсы оқ атады, салдарынан 1976 жылғы инспектор көз жұмды, ал, оның 1975 жылғы әріптесі жараланып, Жарқайың аудандық ауруханасына жатқызылған еді. 

Осыған орай, арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктілерді ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алды. Артынша бұл істі Ішкі істер министрі мен Ақмола облыстық ПД басшысы бақылауына алды. Сонымен қатар, аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру барысында күдіктілер - Арқалық қаласының 45 жастағы тұрғыны мен оның 20 жастағы баласы ұсталды.

Новости партнеров