«Арысқа жылу»: жарылыстан зардап шеккендерге Алматы мешіттері мен партия өкілдері қол ұшын созуда

«Арысқа жылу»: жарылыстан зардап шеккендерге Алматы мешіттері мен партия өкілдері қол ұшын созуда
Ақшалай көмек бергісі келетіндер үшін қаладағы барлық мешіттерге арнайы жәшік қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыда Нұр Отан партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен Арыс қаласында жапа шеккен тұрғындарға 10 тонна құрылыс материалдары жіберілді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Сондай-ақ, «Жану мәселелері институты» ұжымының қолдауымен 50 дана су тазартқыш құрылғы жөнелтілді.

Айта кетейік, бүгін ғана жұмысын бастаған құрғақ қоспалар шығаратын зауыт пен су тазартқыш сүзгіштер жобасын Ғылым қоры қаржыландырады. Nur Otan партиясы өкілдерінің айтуынша, арыстықтарға қол ұшын соғуға асық тұрғындар қатары көп.

«Бүгін аталған компания Арыс қаласында зардап шеккен тұрғындарға өз өнімдерінің 10 тоннасын жөнелткелі жатыр. Бұдан бөлек, Алматының ғалымдары, ғылыми зерттеу институттарының мамандары су тазарту құралдарын ойлап тауып, оның 50 данасын да осы зардап шеккен аймаққа жөнелтті. Алматыдағы Сүйінбай көшесі 224-үй мекен-жайы бойынша арнайы база ашып, құрылыс заттарын сонда жинап жатырмыз, кезегімен Арысқа жібереміз», - дейді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Арман ҚАЛЫБЕКОВ.

Бұл ретте Алматының мешіттері де қалыс қалмады. Мүфтиятқа қарасты имамдар «Арысқа жылу» акциясын бастап, жарылыстан жапа шеккен ағайынға қол ұшын созуда. 25-29 маусым аралығында Алматы мешіттеріне келіп түскен көмектің кез-келгені Арыс тұрғындарына жөнелтіледі.

Азық-түлік пен киім-кешекті жинау пункті ретінде Орталық мешіт таңдалып алыныпты. Ақшалай көмек бергісі келетін азаматтар болса, қала аумағындағы барлық мешіттерге арнайы жәшік қойылды. Болмаса, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы «Зекет» корпоративтік қорының Шымкент қаласы бойынша өкілдігіне де ақшалай көмекті аударуға болады.

«Арыс тұрғындарының басындағы нәубетті жеңілдетуге үлесімізді қосу үшін біз Алматы қаласының мешіттері «Арысқа жылу» атты қайырымдылық акциясын бастадық. Жиналған киім-кешек, т.б тұрмысқа қажет заттарды сенбі күні түстен кейін жүк көліктеріне артып, Түркістан облысына жөнелтуді жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.


Новости партнеров