Басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен 50-ден астам халықаралық спикерлер қатысады деп күтілуде
11-12 қараша күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев Орталығында» аймақтағы геосаясат пен қауіпсіздік мәселелерін талқылауға арналған үлкен алаң «Астана клубының» бесінші жыл сайынғы отырысы өтеді. Екі күндік шара аясында дүниежүзіндегі ауқымды құрлықты не күтіп тұр және жаһандық үдерістер қай бағытқа қарай қарқын алуда деген маңызы сауалдар талқыға түседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бесінші отырыстың тақырыбы – «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында». Клубтың сараптамалық талқылауына АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қырғи-қабақтың ушығуы, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің артуы, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа шиеленістердің бой көрсетуі сынды мәселелер арқау болмақ. Әсіресе, Еуразияда ынтымақтастықтың болашақ құрылымын қалыптастыруға үлкен көңіл бөлініп, жаһандық қауіпсіздіктің сын-тегеуріндеріне қарсы тұру жолдарын іздеу, сондай-ақ ядролық қаруды бақылаусыз тарату мәселелеріне назар аударылады.
Шара аясында Әлемдік экономика және саясат институты Астана клубының қолдауымен жаһанның жетекші сарапшыларының стратегиялық болжамын жинақтаған «Еуразия 2020 үшін 10 басты сын-қатер» рейтингісінің кезекті шығарылымы таныстырылады.
Кезекті басқосуға шартараптың 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшылары ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикерлер қатысады деп күтілуде. Құрметті меймандардың қатарында - 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және 1 Нобель сыйлығының лауреаты бар. Форумға қатысатын сарапшылардың географиясы кең. Атап айтсақ, АҚШ, Испания, Италия, Ресей, Жапония, Сербия, Австрия, Норвегия, Қытай, Үндістан, Бельгия, Ауғанстан, Швеция, Португалия, Оңтүстік Корея, Египет, Бангладеш, Словения, Қырғызстан, Иран, Ұлыбритания, Пәкістан елдері бар.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен өтетін Клубтың пленарлық отырысы – іс-шараның негізгі өзегі «Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі» тақырыбын қаузауға арналады.
«Астана клубы» отырыстарының бір бөлігі «Chatham house» ережелеріне сәйкес өткізіледі. Бұл талқылаудың жабық сипатта өтуін сақтайды және қазіргі уақыттағы Еуразия мен әлемнің ең өзекті мәселелерінің өткір әрі ашық талқылануына мүмкіндік береді. Осы жылдар ішінде клуб отырыстарына 40 елден 200-ден астам спикер қатысты.