|
29.11.2019 | 17:03
1223

Бақытжан Сағынтаевтың елордадағы брифингі екі сағатқа созылды

Орталық коммуникациялар қызметінде бұған дейін баяндама жасаған өзге әкімдердің есебінен асып түсті

Бақытжан Сағынтаевтың елордадағы брифингі екі сағатқа созылды

Бақытжан Сағынтаев Алматы экономикасында басталған құрылымдық тәсілдер жүзеге асатынын да айтты. Оның басты мақсаты – қала мен әрбір алматылықтың әл-ауқатын арттыру үшін берік экономикалық база құру. Бұл ретте үш маңызды құжат әзірленген. Біріншісі - «Жаңа Алматы» кешенді жоспары. Оның аясында мегаполистің  шеткі аймақтарының инфрақұрылымдық проблемалары шешіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоспар еліміздің мегаполистері үшін Мемлекет басшысы айқындап берген «шеті жоқ қала» және «қадамдық қолжетімділіктің әлеуметтік инфрақұрылымы» қағидаттарына сәйкес  жасалған. Бұл алдағы бес жылда 800 млрд. теңгеден астам қаражатты инфрақұрылымға инвестициялауды көздейтін теңдесі жоқ ауқымды жоспар.

«Біздің екінші құжатымыз: Алматы агломерациясын дамытудың өңіраралық жоспары немесе біз оны  «Үлкен Алматы»  деп те атаймыз. Біз оны Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп әзірледік. Қазір Үлкен Алматыда – яғни қала маңындағы аудандарды қосқанда - 3 млн. адам тұрады. Біздің есептеуімізше, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш - 5 миллионға жетеді. Осы мәселені шешу үшін біз таяудағы 5 жылда тиісті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары бар 20 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Үлкен Алматыны дамытудағы негізгі мақсат – көлік инфрақұрылымын жақсарту. Жоспар аясында Үлкен Алматы айналма автожолына 6 көшені қосу жоспарланған. Көлік қатынасын ұйымдастыру бойынша шаһар аумағында 3 көлік-алмастыру хабы, облыстың 5 елді мекенінде автобекеттер салынады. Жақын арада батыс және шығыс бағыттарда - Ұзынағаш, Қаскелең, Талғар және Есік елді мекендеріне қатынайтын  электричкалар қозғалысын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Агломерация шеңберіндегі бірлескен жұмыстың маңызды бағыты - бұл азық-түлік белдеуін ұйымдастыру. Алматы жыл сайын 1 млн. тоннадан астам өнім тұтынады, соның 60%-ы Алматы және Алматы облысы компанияларының еншісінде. Өнімді өндіру, қайта өңдеу және сақтау бойынша коммерциялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Қаланың төңірегінде 4 көтерме-тарату орталығы, 2 ет комбинаты, 7 жылыжай, 2 сүт фермасы салынатын болады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Ал, үшінші ең маңызды құжат –  «Алматы-2050»  ұзақ мерзімді даму стратегиясы құрылған. Ол Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленіп, қазір тұрғындардың арасында жария талқылауға ұсынылды, деді Бақытжан Сағынтаев. Бұдан бөлек, қаланы дамытудың 7 негізгі стратегиялық бағыты бектілгені белгілі болды. Алматы әкімінің есебі, Орталық коммуникациялар қызметінде бұған дейін баяндама жасаған өзге әкімдердің есебінен асып түсті. Әдетте 1 сағатқа жетпейтін брифинг бұл жолы екі сағатқа жуықтады. Бақытжан Сағынтаев журналистердің барлық сұрақтарына тік тұрып жан-жақты жауап берді.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир