Қарттар күні: «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қарияларға мерекелік көңіл күй сыйлады

01.10.2021 22:03

Ғасыр жасаған майдангер Ұлттық ұлан қызметкерлеріне алғысын білдірді

Бүгін  Халықаралық қарттар күні. Дария көңіл, кең кеуде қарттарымызды қадірлеп, ардақтау – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Ақсақалы мен ақ шашты ананы қадірлегені соншалық ақ киізге орап, көтерген екен. Бүгінгі күнде аталарымыз бен аналарымыз сондай құрметтен кенде емес. Еліміздің Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қазыналы ардагер-қарттарға  мерекелік көңіл-күй сыйлап, құрметке бөледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Ұлттық ұландықтар барша қарияларды бүгінгі – Халықаралық қариялар күнімен құттықтаймыз! Отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілейміз. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дегендей, қазынамыз аман болсын!» – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев.

Сонымен қатар Ұлттық ұлан Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері – Қайырлы Уатайұлына құрмет көрсетіп, мерекемен құттықтады. Қарияға Ішкі істер министрінің орынбасары мен Ұлттық ұланның «Оңтүстік» қолбасшылығының бас қолбасшысы атынан алғыс хат беріліп, сый-сияпат табысталды. Ғасыр жасаған майдангер өз кезегінде Ұлттық ұлан қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.

«Гвардияға және бүкіл азаматтардың дендеріне саулық, болашақтары жарқын болсын деп тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – деді ардагер Қайырлы Жоңқабаев.