2021 жылы «Алматы» телеарнасы арқылы оң шешімін тапқан мәселелер

31.12.2021 22:04

Телеарна тілшілері елдің көкейкесті сауалдарын билікке жеткізіп, атқарушы билік пен халықтың арасында алтын көпір бола білді

Коллаж: Almaty.tv

Өзгерістерге толы болған 2021 жылы «Алматы» телеарнасы бұқара арасындағы біршама мәселені қаузап, ақпараттық қолдау білдірген болатын. Елдің көкейкесті сауалдарын билікке жеткізіп, атқарушы билік пен халықтың арасында алтын көпір болған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       


Тоғыз ай бойы нан тасымалдау мәселесі тоқырап қалды деген кәсіпкерлер «Ақсай нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірақатар қиындықтар туындағанын арнамыздың тілшілеріне жеткізген еді. Аталған мәселе арнамыздағы «Акимат Live» бағдарламасында кең талқыланып, көп ұзамай оң шешімін тапқан болатын.

«Бұрын бір көлік 10 дүкенге нан тасымалдайтын болса, енді 12, 15 дүкенге тасымалдуға мүмкіндік беріліп жатыр. Сондықтан көптеген жұмыстар атқарылуда. Жаңадан жүргізушілер алдық. Жабылмаған маршруттар жабылып, қазір «Ақсай нанда» жұмыс қарқынды жүріп жатыр», – деді «Ақсай нан» орталық фирмалық дүкендерінің меңгерушісі Маржан Атымтаева.

Ал Наурызбай ауданындағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бір апта бойы сусыз отырмыз деп дабыл қаққан болатын. Олардың айтуынша, жаңа салынған тұрғын үйдің бұдан да бөлек олқылықтары жетіп артылған. Арнамыздан көрсетілген соң, бұл мәселе де оңтайлы шешімін тауып, әкімдік лезде мәселенің басын қайырған еді.

Дүйім жұртты дүрліктірген даудың басы дәл осы қос құбырдың біреуінен болып отыр дейді мұндағы мамандар. Құбыр жарылған соң судың бәрі далаға ағып, арнасы бұзылған. Енді мамандар бір екі күнде жұмыс бітеді деп уәде етіп отыр.

Уәде еткендей, Алматы қаласы әкімдігі дереу істі қолына алып, тиісті тараптарды мәселенің шешілуіне жұмылдырған еді.

Жарық пен жылуға қатысты қиындықтар Алатау ауданындағы Ырысты тұрғын үй кешенінде де болып, тұрғындар арасында дау тудырған еді. Айналдырған бір-екі күнде арнамыздан көтерілген бұл сауалдың да жауабы табыла кеткен еді. Қалалық құрылыс басқармасы аталған ауданның коммуналдық шарушалық бөліміне тапсырма берген болатын.

«Салып жатқан мердігер мекемемен аудан әкімшілігі тарапынан тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр, біз мәселенің қашан толық шешілетіні, тұрғындардың қашан толық қоныстануына болатыны жөнінде мердігерлермен дұрыстап сөйлесеміз», – деді Алатау аудандық коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ертіс Бесіров.

Мұқым елдің мұңын мінбердегілерге жеткізіп, мәселенің оң шешімін тапқан сәттерге куә болған арнамыздың ақжолтай жаңалықтары көп болсын!

Әлібек Шынтемір, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы