42 500 теңге кімдерге берілмейді – Министрдің мәлімдемесі

16.07.2020 22:05

Бұған дейін спикер 42500 теңге жәрдемақы төленетін санаттарды жариялаған еді

Фото Esquire

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңге жәрдемақының кімдерге берілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекеттің бюджетінен зейнетақы, жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек немесе сақтандыру қорынан тиісті төлем алып жүргендер 42500 теңге алмайды. Олар бейресми жұмыс істеп жүргендер қатарына жатпайды. Егер де олар ресми жұмыс істеп жүрсе, олар үшін жұмыс беруші өтініш бере алады. Ресми жеке кәсіпкерлігі болса, жеке кәсіпкер ретінде де өтініш беруге мүмкіндігі бар. Екіншіден, Төтенше жағдай кезінде бірыңғай жиынтық төлем төлеп, миллиондаған адамдар өзінің бейресми жұмыс істегенін растады. Біз олармен хабарласып, 70 мыңға жуығын жұмыспен қамту шараларына тартқан болатынбыз. Егер де ол азаматтар қазір жұмыс істеп жатса, әрине олар бұл жолы 42500 теңгені ала алмайды», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Ал жақын күндері жұмыстан шығып кеткендерге Жұмыспен қамту орталығына хабарласу керек. Бұл орталық тұрғындарға ашық вакансияларды немесе басқа жұмыспен қамту шараларын ұсынады. Егер де еш жұмыс лайық келмесе, үш күнде жұмыссыз ретінде тіркеледі және автоматты түрде Мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа қатысты басқа төлем 6 ай бойы төленеді. 

«Студенттер мен декретте жүрген әйелдерге тағы да түсіндіріп кетсем. Арнайы 42 500 теңге төлеуге «Студент», «Декреттегі әйел» деген санаттар жоқ. Яғни, студентке студент болғаны үшін жәрдемақы төленбейді. Өткенде де солай болған. Бірақ егер де студент жалданып жұмыс істесе, карантин кесірінен ақысыз демалысқа жіберілсе, ол үшін жұмыс берушісі өтініш бере алады. Ал егер студент жеке кәсіпкер болып, ай сайын БЖТ төлеп жүрген кәсіпкер болса, ол жағдайда да 42500 теңге алады. Ал енді осы күнге дейін бейресми жұмыс істедім деп бір рет БЖТ төлеген студенттер 42500 теңге ала алмайды», – деді Б. Нұрымбетов. 

Сонымен бірге, декретте жүрген әйелдерге ереже өзгеріссіз қалатын болады. 

«Бала бір жасқа толғанша декреттегі әйел мемлекеттен немесе сақтандыру қорынан жәрдемақы алып жүреді. Сондықтан, оларға 42500 теңге берілмейді. Ал енді бала бір жастан асқан болса, жұмысқа шығып, карантинге байланысты ақысыз демалысқа жіберсе, әрине жәрдемақы ала алады. Егер оның жеке кәсіпкерлігі болып, тұрақты түрде БЖТ төлеп, жұмысы тоқтап қалса да 42 500 теңге ала алады. Өткендегі ТЖ кезінде бір рет БЖТ төлеп, бейресми жұмыс істегенін растаған әйелдер де 42500 теңге ала алады»,  деді Біржан Нұрымбетов.

Бұған дейін спикер 42500 теңге жәрдемақы төленетін санаттарды жариялаған еді.