Ержан Біржановтың айтуынша, 1 млн 180 мың қазақстандық қарызын өтемеген
Қазақстанда 1 млн-нан астам адам несиесін уақытылы төлей алмай жүр. Қарызға белшесінен батқан азаматтар 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады. Бірақ төлем қабілетін қалпына келтіруге бағытталған мүмкіндікке борышкерлердің барлығы бірдей іліге бермейді. Бұл туралы бүгін Жоғары палата отырысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елде несие өтеу мерзімі бұзылған азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру үшін келер айдан бастап банкроттыққа өтінім қабылданады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзінше, қазір 1 млн 180 мың қазақстандықтың өтелмеген қарызы бар. Олардың берешек сомасы 1 трлн 100 млрд теңгеге жеткен.
«Банкроттықтың кері салдары бар. Біріншіден, 5 жыл бойы несие ала алмайды. Екіншіден, 7 жыл тіркеуде тұрады, қайта банкроттыққа өтініш бере алмайды. Үшіншіден, оған қаржылық мониторинг жүргізіледі», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Жоғары палата бүгін елдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесіне қатысты заң жобасын да қарастырды. Енді Қазақстанда пәтер саны аз үйлерді басқарудың жаңа тетігі енгізіледі. Сенаторлардың айтуынша, бұрын қабылданған норма 4 жылдан бері толық іске асырылмаған. Олар көпқабатты үйлерді күтіп-баптау, халыққа қолайлы жағдай тудыру жайы назардан тыс қалып қойғанын жеткізді.
«1436 көппәтерлі тұрғын үй әлі басқарудың ешқандай түрін таңдаған жоқ. Осыған байланысты заңда қарапайым серіктестік құру кезінде 30 пәтерге дейінгі шектеу көзделеді. Республика бойынша шамамен 10211 үйде пәтер аз. Оларға қарапайым мүлік серіктестігіне өту тиімсіз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бауыржан Қаниев.
Ал депутат Зәкіржан Күзиевтің көктемгі егіс науқанына қатысты мәселе көтерді. Сенатордың айтуынша, Қазақстанда соңғы 5 жылда тұқым импорты бірнеше есеге өсіпті. Салдарынан елдегі тұқым өсіру саласы дағдарысқа ұшыраған. Егіс алқабын ескірген техникамен сапалы өңдеу мүмкін емес. Салдарынан жаздағы еңбегі еш кетіп, сапасыз тұқым шаруаларды сан соқтырып отыр.
«Суғарайық, тыңайтқыш себейік, бірақ тұқым нашар болса нәтижесі болмайды. Сондықтан оны әкелетіндер өсіріп, өндіріп нәтижесін көрген соң берсе, бізге пайдалануға болады деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Зәкіржан Күзиев.
Бұдан өзге, жеке куәлігін жиі жоғалтатын қазақстандықтар үшін мемлекеттік баж сомасы өседі. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға берілетін паспорт бағасы арзандайды. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңға еңгізілген өзгерістер Сенат қабырғасында қолдау тапты.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы