«Алматы ақшамы» газетіне жазылу науқаны жалғасуда

Газеттің апталық таралымы 11 мыңнан асады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Оқырмандардың сүйікті басылымы – «Алматы ақшамы» газетіне жазылу науқаны әлі де жүріп жатыр. 30 жылдан астам тарихы бар газет қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, халық пен билік арасын жалғап, жедел ақпарат таратып, көпшіліктің алғысын алып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Алматы ақшамы» газеті 1988 жылдан бастап шыға бастады. Алғашында орыс тіліндегі «Вечерняя Алма-Ата» газетінің қазақша нұсқасы ретінде шыққан «Алматы ақшамы» бір жылға жетпей жеке басылым болып қалыптасқан. Сол заманның қиын кезінің өзінде оқырмандарын қалыптастырып, ұлттық мәселелер көтерілгенде өзінің позициясын анық көрсетіп отырды. Өз алдына шаңырақ көтеріп, қазақ тілінде шыға бастаған жылдары Исламғали Бейсебаев, бертін келе Ерғали Сағат басқарған басылымды 2005 жылдан бері белгілі журналист Қали Сәрсенбай тізгіндеп келеді.

«Алматы ақшамының» бір ерекшелігі – кешегі 80-ші жылдары тіркеліп жатқан басылымдардың жоқ кезінде шыққан. Ең қиын, кәдімгі тоталитарлық қоғамның кәдімгідей күшіне мініп тұрған қазақты қорлау жалғасып жатқан заманда шыққан бұл. Ол кезде кез-келген нәрсеге Мәскеу түшкіретін. Әсіресе ұлттық мәселелерге. Сондықтан «Алматы ақшамын» уақыт туғызды», – деді «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали СӘРСЕНБАЙ.

Газеттің апталық таралымы 11 мыңнан асады. 40 қызметкері бар  республикаға тарайтын басылым Алматы қаласының тарихы мен  мен тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңін айғақтайды. Алып шаһар өмірінен, тарихынан, тыныс-тіршілігінен сыр шертетін газеттің 110-нан астам айдар бар.

«Алматы ақшамы» газетінің негізгі мақсаты – қаланың өмірі, қаланың тіршілігінің бәрін тұрғындарға жеткізіп отыру. Біздің ұжымдағы әрбір тілші, әрбір журналистің өзінің міндеті бар. Әрбір салаға маманданған. Кейде бір-бірімізді көрмейде жатамыз. Біреуі кіріп жатады, біреуі шығып жатады. Осы арада ақпаратты дер кезінде жеткізіп үлгеру керек. Сондайдың бәріне бізде шапшаң қыздар мен жігіттер жұмыс істеп жатыр",  деді «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Рая ЕСКЕРМЕСҚЫЗЫ.

Көпшілік көңіліне жақын басылым келер жылы өз оқырмандарын біраз жаңалықтарымен қуантпақ. «Мың жасаған шаһардың шамшырағына» айналған газет тілшілері күн-түн демей ізденіп, ақпарат ағынын қалт жібермеуге уәде беріп отыр.

Қуан Нұрақын, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров