67 мұқтаж жанға баспана әперген: Алматыда Жамал Әбдімәлікқызының рухына бағышталған қайырымдылық шара өтті

azan.kz
azan.kz
Алматыда дүниеден озған жандарды еске алып, ас берудің үрдісі біршама өзгеріп келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дүниеден озған жандарды еске алып, ас берудің үрдісі біршама өзгеріп келеді. Елдегі карантиндік ахуалға байланысты ағайын-туыс арасындағы жиындарға шектеу қойылғаны белгілі. Тиісінше, марқұмның туыстары дастарқан жайып құдайы тамақ берудің орнына қайырымдылық жасауға көшкен. Ал, жалпы шектулерді ескере отырып бақилық болғандарды қалай еске алған дұрыс? Дін өкілдері жұртшылыққа қандай кеңес береді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі  Сымбат Ноғай әңгімелейді.

Күні кеше ғана дүниеден озған қоғам белсендісі Жамал Әбдімәлікқызының балалары да қырық күндік ас өткізуден бас тартқан. Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай Тағанұлының кеңесімен марқұмның ұрпақтары Қазақстан бойынша аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратуды жөн көріпті.

Салмағы 25 келі мұндай әр себеттің ішіне  ұн, май, күріш, қант сияқты азық-түліктер салынған. Енді бұл өнімдер республика көлемінде күнкөрісі төмен 6500 отбасыға үлестіріледі.

79 жасында қайтыс болған Жамал Әбдімәлікқызын жұртшылық жылы жүректі, жомарт адам ретінде біледі. Көзі тірісінде қоғам белсендісі 67 мұқтаж жанға баспана алып берген. Артында 10 бала, 39 немере мен 54 шөбере қалдырған батыр ананы жергілікті мешіт қызметкерлері де айрықша құрметпен еске алады.

«Көптеген жақсылықтарға себепші болған, қайырымды жандардың, сондай елдің анасына айналған кісілердің бірі еді. Оны біз Арыстағы апатты жағдайдың кезінде, Мақтаралдағы су тасықынының кезінде, басқа да сондай елдің басына нәубет күндер келген кезде көптеп көрдік. Ол кісі өзінің әлеуметтік көмегін арқалап, сол апат болған жерлерге келесі күндерде жетіп отыратын сондай бір анамыз еді», – деді Алматы қаласының бас имамы  Еркінбек Шоқай.

Азық-түлік себеттері қала бойынша 500 отбасыға таратылды. Жеткізу жұмыстары үшін дін өкілдері мен еріктілерден құралған бригадалар жасақталған. Осындай көмек қала тұрғыны Жадыра Таукешоваға да көрсетілді. Үш баланы өсіріп отырған жалғызбасты ананың шара ұйымдастырушыларына алғысы шексіз.

«Жамал апаның жатқан жері жайлы болсын, топырағы торқа болсын. Осы беріп жатқан садақасы қабыл болсын. Жәнаттың төрінде болсын. Осыны беріп жатқан Орталық мешіттің бас имамына рақмет. Барлықтарыңызға Алла разы болсын!» – деді қала тұрғыны Жадыра Таукешова.

Дін өкілдерінің айтуынша, ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеген жөн. Оның орнына бақилық болған жандардың атынан қайырымдылық жасап, садақа тарату үлкен сауапты іс саналады екен. Мәселен, карантин жарияланғалы жергілікті жомарт азаматтардың атынан 3 мыңға жуық тұрмысы төмен отбасыға көмек көрсетілген.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров