Көпбалалы отбасы баспанаға зәру. 6 баламен пәтер жалдап тұратын Шухретовтар тұрғын үй кезегіне де тұра алмай жүр. Бір ғана отағасының тапқан табысы күн көрістен аспайды. Ал, пәтер кезегіне тұру үшін кемінде 3 жыл тіркеуі болуы керек деген басқарма мамандары бір отбасы үшін бүкіл заңды өзгерте алмаймыз дейді. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ тарқатсын.
Алина Азизова – 33 жасында алтын құрсақ атанған ана. 6 баласы бар. Үлкені 11-де болса, кішісі екі апта бұрын ғана дүние есігін ашқан. Жас отбасы отау көтергеннен бастап биыл 8-жыл пәтер жалдап келеді. Бақытын баладан тапқан базарлы үйдің тұрмысы қазір сын көтермей тұр. Қаржылық қиындық, баспананың болмауы мен несиенің уақытылы төленбеуі.
Көпбалалы отбасы мына қуықтай ғана бөлмені жалдап отырғанына үш айдан енді асқан. Отбасында бұл екі баладан бөлек, тағы 4 бала бар. Олардың жалғыз арманы ешкімге кіріптар болмай, өз баспаналарында өмір сүру.
«Садикке апарсам да, әр балаға 25 мың төлейсіз дейді. Мен үш баланы апарсам садикке төлеймін бе, пәтерге төлеймін бе? Қазір жұмыс істеп отырған бір өзім. Пәтер табу қиын. 8 адаммен. Біреулер айтады, бала-шағасыз аламыз деп. Бала-шаға керек жоқ. Ақырындап табасың. Адамгершілігі бар адамдар бар», – деді Тимур Шухретов.
Отанасы баспана мәселесін айтып, талай маманға барған. Тұрғын үй алуға кезекке тұру үшін қалада 3 жыл бойы тұрақты тіркеуі болуы керек екен. Өз баспанам болмаса, 6 баламен тіркеуге қалай тұрамын деп ашынады жас ана.
«Басқарма мамандарына барғанымда, олар 3 жыл қалада тіркеуіңіз болмаса, кезекке тұра алмайтынымды айтты. Жалғыз сіз үшін біз заңды өзгерте алмаймыз деді. Қазір біз секілді көпбалалы пәтерде жүрген отбасы мен ғана емес қой. Осы тұрғыдан көмек болғанын қалаймыз», – деді көпбалалы ана Алина Азизова.
Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасы бұл жағдайдан хабардар. Қазір Алина сынды көпбалалы отбасы санатына жататын 2200 жанұя үй кезегінде тұр.
«Тіркеу бойынша анығырақ айтатын болсақ, қалада үш жыл тіркеу сұрау ол қаланың кез келген жерінде жалпы 3 жылдан асуы керек. Ол бір ауданнан екінші ауданға көшсе де, жалпы тіркеуі есепетеледі. Демек, ол отбасыға қазіргі таңда өз туысқандарының немесе таныстарының үйіне тіркелуге болады. Толығымен ертең құжаттарын тапсырған кезде 3 жыл толуы тиіс», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Ермек Әміров.
Былтыр қала бойынша кезекте тұрған 650 көпбалалы отбасы баспана кілтін алған. Ал, биыл «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 160 отбасы тұрғын үймен қамтамассыз етілді. Жыл соңына дейін тағы 440 пәтер табысталады деп жоспарланып отыр.