Наурызбай ауданының бұл бастамасы 8 мектепті қамтып, 9,10 және 11 сынып оқушылар арасында байқау ретінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Басты мақсат – мектеп қабырғасындағы жас ұрпақтың мақаланы жан-жақты талқылауына және өзіндік ойын білдіруіне жағдай жасау. Өз кезегінде аудан әкішілігі мен ардагерлер алқасы сынға түскелі отырғандарға сәттілік тілеп, мақаланың маңыздылығын тағы бір мәрте тілге тиек етті.
«Сөз жоқ, жеті қыры деген – қазақтың тарихы, қазақ елінің басынан өткізген жақсы қасиетті істері. Осының барлығын жинақтай келе, Президентіміз біздің халқымызға ұлы сөздерін айтты», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы ардагерлер алқасының төрағасы Мәдениет КАРКЕНОВ.
«Сонау ата-бабамыздан мұра болып қалған құндылықтарымызды қастерлеп, ұлттық болмысымызды сақтауға еліміздің тарихын одан әрі жетілдіріп, оның дамуына ат салысып белсенділік танытуымыздың қажеттілігін атап көрсетті», – деді Алматы қаласы №174 мектеп гимназиясының 11 сынып оқушысы Аяжан ҚУАНТАЕВА.
Байқау жеңімпаздары 10 күннен кейін белгілі болмақ. Топ жарған оқушыларға құнды сыйлықтар табыс етіледі. Енді ұйымдастырушылар бірегей жобаны қала деңгейінде өткізу мүмкіндіктерін қарастырып отыр.