Астанадағы қайғылы оқиға: Бес қыздың әкесін жұмыс беруші түнде шақырып алды

04.02.2019 22:07
qamshy.kz

ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин бес қыздың өмірін қиып кеткен қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, өрт туралы xабар түнгі сағат 2:34 минутта түскен. Ал өрт сөндіру қызметі 4 шақырым шалғай жерде орналасқан. Олар шамамен 7 минуттың ішінде оқиға орнына жеткен.

«Өрт сөндіру кезінде сағат 2:45-те үйдің төбесі опырылып түсті. Ал 2:50-де бес баланың мүрдесі табылды. 3:24-те өрт толығымен ауыздықталды», - деді Ю.Ильин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, өрттің алдын ала себебі - пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау.

«Тергеу органдарының ақпаратына сәйкес, балалардың әкесі - 1984 туған азамат, теxникалық қызмет көрсету стансасында моторист болып істейді. Кешкі уақытта ол пешті жағып қойған. Сол кезде жұмыс беруші оны шұғыл жұмысқа шақырып алған. Сол себепті ол түнгі уақытта үйінде болмаған. Ал анасы жауапкершілігі шектеулі серіктестікте бөлшектеп өлшеуші болып қызмет атқарады. Ол да түнгі ауысымда болған», - деп атап көрсетті Ю.Ильин.

Айта кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын үй алабынан өрт шыққан. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылды. Ең кішісі небәрі үш айлық сәби болған. Өрт кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.