Сенімге кіріп, сан соқтырды. Кәсіпкерлерге өзін кәсіпкерлікті қолдау қорының қызметкері ретіндетаныстырған келіншек алдап кеткен. Елдің сеніміне кірген әйел кәсіпкерлерге арзан пайызбен қолайлы несие әперуге уәде еткен. Бұл қызметі үшін қомақты қаржы алыпты. Бірақ жұрттың қарызданып тауып бергенін қалтасына басқан соң, өзі қарасын батырған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қостанайлық кәсіпкер Людмила Мурашова өзін сан соқтырған келіншектің кесірінен 1,5 миллион теңгеге шығынға батқан. Іскер әйел осыдан жарты жыл бұрын шағын тігін шеберханасын кеңейту туралы шешім қабылдайды. Бірақ жеткіліксіз қаражаты қолын байлайды. Осы тұста Людмила несие алудың оңай жолдарын іздеп, пайызы төменін әлеуметтік желілерден зерттей бастаған.
«Ғаламторда бір форум бар екен. Онда «Даму» қоры арқылы несие алуға көмектесемін» деп жазыпты. Мен оларға хат жазып, электрондық почтамды қалдырдым. Бұл 2018 жылдың 28 қыркүйегі еді. Ал 1 қазан күні хатыма Тұрдалина Алина жауап жазды. Ол өзін «Даму» қорының менеджері ретінде таныстырды», – деді кәсіпкер Людмила МУРАШОВА.
Людмила бірден бейтаныс келіншектен құжаттар талап етеді. Сенімге кіргісі келген менеджер электронды почта арқылы өзінің, бизнес-жаттықтырушының және кепіл берушінің жеке куәлігінің көшірмесін жолдайды. Соңғысы Людмиланың несие алуы үшін өз мүлкін кепілге қойып береді-міс. Тек ол үшін іскер әйел қомақты ақысын алдын ала төлеуі тиіс екен. Сондай-ақ, айласына құрық бойламайтындар бизнес-жоспар сатып алуға мәжбүрлепті. Құжаттар мен уәде берген қолхаттардың көшірмесін алған Людмила несие аламын деген сеніммен бар ақшасын алаяқтарға төлеп қана қоймай, бұл былыққа байқамай әріптестерін де қатыстырыпты.
«Ол 13-15 адамды топқа алуымыз керек деді. Әлбетте, мен бұл туралы жұмысымдағыларға айттым. Өйткені, біздің барлық құжатымыз бар. Қазан айында біз бар ақшамыз бен құжаттарымызды оған жібердік», – дейді Людмила МУРАШОВА.
Алайда, іскер әйел уәде еткен несие түгілі, өзінің кәсібі үшін берген ақшасын да ала алмай қалды. Бизнесін дамытуды арман еткен Қостанайдың 12 тұрғыны енді Алматыдағы Полиция департаментіне күнде келіп, табандарынан таусылып жүр. Ал кәсіпкерлікті дамыту қорындағылар компанияда Алина Тұрдалинаның жұмыс істемейтінін, тіпті бұрын-соңды мекемеге бас сұқпағанын алға тартуда. Дегенмен, соңғы уақытта қор атын қолданып, алаяқтық жасайтындар көбейіп кеткенін жасырмады.
«Соңғы кездері алаяқтардың алдауына түсіп, құрбан болғандардың саны өсе түсті. Бұл қордың беделі мен имиджіне айтарлықтай зиян келтіруде. Осындай деректер 2018 жылы да болды. Қазір барлық шағым бойынша тиісті тексерістер жүргізілуде. Біз азаматтарға тегін көмек көрсететінімізді тағы ескерткім келеді», – деді «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» қауіпсіздік қызметінің басшысы Нұрлан ДОСЫБАЕВ.
«Даму» қорында азаматтарға кеңес беру, бизнес-жоспармен таныстырып, түрлі тренинг өткізу де ақысыз жүргізіледі. Аталмыш компанияның филиалы Қостанай қаласында да жұмыс істейді. Ал көрсетілетін қызмет жасырын түрде емес, тек кеңседе ғана жүзеге асырылады. Сондықтан мекеме өкілдері жұртты алаяқтардың әккі әрекетінен барынша сақ болуға шақырып отыр. Ал Алматының Полиция департаментіндегілер қазір күдіктінің қолға түсіп, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда, ол келіншектің қанша адамға зардап шеккізіп, қанша теңге шығын келтіргенін жариялаудан бас тартты.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Ильясов, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы