Алматыда Жәнібек Кәрменовтың 70 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

Сондай-ақ Тұяқберді Шамеловтің тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, әнші Жәнібек Кәрменовтың 70 жылдығына арналған «Үнің кетпес құлақтан...» атты әдеби сазды-шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Бұл шара Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» аясында ұйымдастырылған. Кешке Жәнібек Кәрменовтың курстастары, дос-жарандары, жұбайы қатысты.

«Көзден кетсе де, елдің көңілінен кетпегеніне тәуба деп айтамын. Өзінің елінде ескерткіш тақта қойылған, ескерткіші ашылған, осы қалада ескерткіш тақтасы бар. «Таугүл» ықшамауданында көшесі бар, Семей қаласында да көшесі бар. Бірақ Жәнібек сияқты өнерпазын ел есінен шығармай, елеп жатқанына тәуба деп айтамын», – деді Жәнібек Кәрменовтің жұбайы Тұрар БӘЙГЕНҚЫЗЫ.

Ал, күйшілік өнерімізді қайта жаңғырту мақсатында Қазақстанның күйші-композиторы, халық артисі, професссор Тұяқберді Шамеловтің тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрінің орынбасары өзі қатысып, алыс-жақындары естелік сөздер айтып, жақсының атын жаңғырта түсті.

Айта кетелік, Тұяқберді Шәмелов күйшілік өнерінің қыр-сырын зерттеп, ұрпаққа туындыларын мұра етіп қалдырған халық әртісі, әрі күйшісі. Ұлы композитордың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің ұйымдастыруымен «Қали-мәмен күмбір күй» атты еске алу кешімен жалғасын тапты.

Қуан Нұрақын, Мұратбек Алмасхан, "Алматы" телеарнасы

Новости партнеров