Денис Тенді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты

Денис Тенді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қоғам назарындағы үлкен сот процесіне бүгін нүкте қойылды. Денис Теннің өліміне қатысты басты фигуранттардың барлығы жалпы мерзімді есептегенде, 40 жылға сотталды.

Атышулы сот процесінің соңғы отырысы 25 минутқа созылды. Судя Әбілдинов бірден үкім оқуды бастап кетті. Сонымен сот үкіміне сай, спортшының өліміне айыпты Нұралы Қиясов 18 жыл бас бостандығынан айрылатынын естігенде өкініштен өзегі өртенгендей кейіп танытты. Ал дәл сондай мерзімге, яғни 18 жылға сотталған Арман Құдайбергенов үкімді тік тұрып тыңдады. Бірақ бет жүзінен үкіммен толықтай келіскендей сыңай байқадық. Ал қылмысты біле тұра құзырлы органга хабарламай, жасырып қалды деп айыпталған Жанар Толыбаеваны сот 4 жасар баласының бар екенін және жүктілігін ескеріп, 4 жыл бас бостандығынан айырды.

Айта кетейік, кеше өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты 20 жылға соттауды сұраған болатын.

«Құдайбергеновты кінәлі деп тауып, оны 18 жыл бас бостандығынан айырылу жазасы кесілді. Қиясовты кінәлі деп тауып, оны 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілсін», - деді судья Кеңшілік ӘБДІЛДИНОВ.

Бүгінгі процеске жиналғандар сот залына әрең сыйып тұрды. Тіпті, сыртта қалғандары да көп. Бірақ келгендердің арасында айыпталушылардың туыстары төбе көрсетпеді. Тек Жанар Толыбаеваның анасы келген екен. Соттың шешімін естігенде көз жасына ерік беріп жылап жіберді.

«Ол – үлгілі мұғалім. Тек жазатайым жағдай солай болып қалды...», – деді Жанар Толыбаеваның анасы.

Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовтан мемлекет пайдасына іс жүргізу шығындары ретінде 1 миллион 860 мың 521 теңге өндірілетін болды. Жанар Толыбаеваның қорғаушысы сот шешімімен келіспейтінін айтып, қайта апелляцияға беретінін жеткізді.

Айта кетейік, былтыр шілденің 19-ында тапа-тал түсте мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді көлік ұрылары пышақтап кеткен еді. Көп қан жоғалтқан спортшы сол күні ауруханада көз жұмды. Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталған. Олар: Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін қамауға алынған еді.


Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров