Алматыда 100-ден аса тұрғын пәтер кілтін алды

25.08.2023 23:49

Қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғын үйіне кезекте 41 мыңнан астам азамат тұр

sheber.kz

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша, 100-ден аса тұрғын пәтер кілтін алды. Олар – көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасы мүшелері, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бес жыл бұрын үй алу үшін әкімдіктің кезегіне тұрған отбасы бүгін үш бөлмелі баспанада қоныс тойын тойлайды. Отағасы «пәтер жалдап жүрген қос қызыма жақсы болды» деп қуанышын жасырмады. Алматыға келгелі көп баламен жалдамалы үйде жан бағу оңай болмаған көрінеді.

– Жеті баланың әкесімін. 2018 жылы көпбалалы ана ретінде келіншегім баспана кезегіне тұрған. Алла қалап, үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз! – деді қала тұрғыны Бақтияр Майқанов.

109 отбасына пәтер Алматының Түрксіб ауданына қарасты Жас қанат шағынауданынан берілді. Үй дайын болғанымен, аумақта әлі абаттандыру жұмысы жүргізіледі, инфрақұрылым жақсарады. Әзірге спорт және балалар алаңы жабдықталған, мектеп дайын. Ал жақын арада балабақша қолданысқа беріліп, демалыс орындары салынбақ.

– Пәтердің бәрінің сапасы жақсы. Үйдің сапасын құрылыс басқармасы тексеріп, өткізіп берді. Жас Қанат шағынауданында 401 пәтерді беру жоспарда бар.  Бүгін тек 109 отбасы пәтер кілтін алды. Бұл рәсімі келесі аптада да жалғасын табады, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Аталған үйдің құрылысы 2021 жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес басталған еді. Кезекте тұрған жандарға пәтер кезең-кезеңімен беріледі. Алматы қаласында баспаналы болуға өтініш берген 41 мыңнан астам азамат бар.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы мектептеріне қауіпсіздік жүйесі енгізіледі