Мақтаарал тұрғындарына алматылықтар да көмек қолын созды – Бақытжан Сағынтаев

08.05.2020 22:13

Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы апаттан Мақтаарал ауданындағы бірқатар елдімекенді су басып қалған еді

twitter.com/sagintayev_b

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың басындағы ауыртпалыққа бей-жай қарай алмаған алматылықтар азық-түлік пен ең қажетті заттар қорын жинап берді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Twitter желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.   

«Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге барша елмен бірге Алматы да қызу үн қосты. Қайырымды қала тұрғындарының атынан азық-түлік, қажетті заттар жөнелтілді. Гуманитарлық көмекпен бірге ыстық ықыласымызды да жолдаймыз #Bizbirgemiz», - деп жазды қала әкімі.

Айта кетсек, 1 мамыр күні болған нөсер жауын мен қатты дауыл салдарынан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып кеткен болатын. Соның салдарынан, Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Жеңіс және Жаңа тұрмыс елдімекендерін түгелдей су басып қалған еді. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны болған ауылдардан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілді.