Алматылық оқушы Азия халықаралық олимпиададан алтын медальмен оралды

Алматылық оқушы Азия халықаралық олимпиададан алтын медальмен оралды
Темірлан оқитын лицейде қазір 400-ден астам оқушы 4 тілде білім алып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

11-сыныпқа аяқ басқан Темірлан Әбдіқадір үшін бұл жемісті жыл болды. Жазғы демалысын текке жібермей, тынбай дайындалғанның арқасында халықаралық, пәндік олимпиадаларда қатарластарынан оқ бойы оза шапты. Ендігі белес - мектепті сәтті аяқтау, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
 «11-сыныпты бітірген соң жоғары оқу орындарына түсуге дайындалып жатырмын. Алдағы жоспарым – АҚШ-тағы беделді жоғары оқу орындарының біріне түсу», – деді Темірлан ӘБДІҚАДІР.

Кейіпкерімізбен сұхбаттаса отырып біз оның білімге құштарлығын байқадық. Еліміздегі жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алған ол, мұнымен тоқтамақ емес. Мұхит асып, сол жақтың білімін елге әкеліп септігін тигізбек ниетте.

«Кішкентай кезімнен бастап осындай кішігірім олимпиадаларға қатысқанымның арқасында бүгінгі жетістікке жетіп отырмын. Жалпы олимпиадаға деген қызығушылығым «Білім-инновация» лицейіне түскен кезден бастап оянды. Себебі осы лицейдегі мұғалімдердің бір ерекшелігі, оқушының өз пәніне деген махаббатын  оята алады», – деді Темірлан ӘБДІҚАДІР.

«Жылда бірнеше оқушымыз университетке грантқа түседі. Түскенде де, өзі қалаған университетті таңдап алады. Сонысымен дарынды деп айтуға болады. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде «Дүниенің тілі – ағылшын тілі». Біздің оқушыларымыз ағылшын тілін жақсы меңгергендіктен, шетелге оқуға түсуге мүмкіншіліктері бар. Әлемнің беделді университеттерінде оқып жатқан студенттеріміз көп», – деді Алматы қаласы «Білім-Инновация» лицейінің директоры Ғалымжан ӨСКЕНБАЙ.

Темірланның қатарласы Ерасыл болса, мұнай-газ ісі бойынша шетелден білім алып келіп, елімізге қызмет еткісі келеді.

«Шет елде білім алып, Қазақстанның  мұнай-газ өндірісін дамытқым келеді», – деді Ерасыл ӨМІРТАЙ.

Айта кетейік, Темірлан мен Ерасыл білім алып жатқан оқу ордасында қазір 400-ден астам оқушы 4 тілде білім алып жатыр. Лицей 1994 жылы Елбасының ұсынысымен ашылған болатын.

Азамат Әуезхан, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров