Бұл сауалдарға Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев тікелей эфирде жауап береді
Сайран көлі үй-күйсіз жүргендер мекеніне айналып барады. Әуезов ауданы тұрғындары жергілікті билікке осындай шағым жасап отыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Демалыс орнындағы орындықтарға жатып алған қаңғыбастар мазамызды әбден қашырды дейді олар. Сондай-ақ, көпшілік көл маңының қоқыс құрсауында қалғанын да алға тартты. Расында да, онда күн сайын пластик құтылар, қоқыс салынған дорбалар мен шынылар шашылып жатады.
«Осында үсіз-күйсіз жүргендер өте көп. Келіп орындыққа жатып алады. Ластайды. Бұл өзге адамдардың жиіркенішін туғызады. Бізге осы мәселені шешіп берсе... Алдымыз жаз. Жан-жақтағы ауылдардан балалар келіп, суға шомылады. Сондықтан суды тазартып отырса», – дейді тұрғындар бірауыздан.
Ал, осы Әуезов ауданына қарасты «Достық» шағынауданы тұрғындары жол азабын тартып отыр. Оның үстіне түнгі шамдар да жоқ. Жергілікті жұрт әкімдіктен көмек сұрайды.
«Осы жолмен күнде жүреміз. Көшелеріміз өте нашар. Жолдары тар және қараңғы. Асфальт төсеп, жарықтандыру жүргізсе дейміз. Әйтпесе, жолда жүру
мүмкін емес», – дейді аудан жұртшылығы.
Бұл сауалдарға алдағы бейсенбі сағат 19:30-да Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев тікелей эфирде өтетін «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасында жауап береді. Аудан тұрғындары мазалаған сұрақтарын қазірден бастап «Алматы» арнасының ресми сайтында қалдырып, уатсап қосымшасы арқылы жазбаша, аудио және бейне жазба ретінде жіберсе де болады. Сонымен қатар тікелей эфир кезінде студияға қоңырау шалу арқылы да сауалдарыңызға жауап ала аласыздар.