Алматыда зағип балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға байланысты семинар өтті

Алматыда зағип балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға байланысты семинар өтті
Елімізде зағип балаларды ерекше әдіспен оқыту бағдарламасы оң нәтижие бере бастаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыдағы Николай Островский атындағы №4 соқыр және көру қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта ауызша санауды оқытудың дәстүрлі емес әдістемесін қолдана отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жеткіншектердің зияткерлік қабілеттерін дамыту бойынша Бірінші республикалық семинар болып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зағип балалардың зейінділігін көтеру осы уақытқа дейін де айтылып келген мәселе еді. Осы тұрғыда 2015 жылдың қазан айынан бастап «Асыл бала» республикалық қауымдастығының қолдауымен, UCMAS (ЮСИМАС) интеллектуалды даму академиясымен бірлесіп, «Ментальді арифметика – барлық бала үшін қолжетімді» әлеуметтік жобасы іске қосылған. Аталмыш бағдарламаны қолданысқа енгізген бұл мектептің церебральды сал ауруы диагноздары бар оқушылары қазірде ауызша есептеуде айтарлықтай жетістіктерге жеткен.

«Бұл бағдарламаның тиімділігі  қазіргі таңда дәлелденді. Балалардың динамикалық өсуі байқалды. Осы бағдарламаны меңгергелі сабақтардан жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Көптеген қалалық, республикалық, сонымен қатар халықаралық жарыстарға да қатысады. Бүгінгі іс-шара бүкіл Қазақстаннан сурдопедагогтар және де теплопедагогтардың басын біріктіріп, бағдарламаның қаншалықты тиімділігін үйрететін болады. Ал, біз осы бағдарламаны келген мұғалімдерге оқытып, үйретеміз. Кейін олар ары қарай өздерінде сол балаларды оқытады», – деді UCІMAS халықаралық академиясының жетекші модераторы Айнұр АЙТУАРОВА.

Арнайы оқыту әдістемесі бойынша Шымкент, Семей, Қостанай, Алматы қалаларындағы мектеп-интернаттарда да оқыту жұмыстары жүргізіліп, бүгінде зағип оқушылардың мүмкіндіктері арта бастаған. Жаратқан жанарын байласа да, ойларын байламаған нашар оқушылар ұстаздарына алғыс айтты.

«Мен тез санауды үйреніп, есте сақтау қабілетімді де дамыттым. Бәрін оңай игеріп жатырмын. Тапсырмаларға мұқият қарай бастадым және өзіме деген сенімділік пайда болды. Көзі көретін сау балалармен де тіл табысып, достар таптым. Бұл маған өте ұнайды», – деді Н. Островский атындағы № 4 зағип және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының оқушысы Айша НАЗРОЛЛАЕВА.

Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі № 4 мектеп-интернаттың балаларын UCІMAS бағдарламасы бойынша оқыту 2017 жылы басталған. Қазіргі таңда бұл мектепте арнайы компьютер бөлмелері ашылып, өзі дыбыс шығаратын Джойс бағдарламасы мен бірегей Тифлокомплекс, Брайль принтері сияқты  құрылғылармен қамтылған. Ал, семинар соңында «Юсимас» зияткерлік даму бағдарламасын елімізде кең ауқымда жүргізу қажеттігі туралы бірқатар ұсыныстар айтылды.  

Аяулым Көлжігіт, Владислав Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров