|
26.03.2024 | 19:45
3231

Жетісу облысындағы «қылкөпірді» су шайып кетті

Аудан әкімдігі жақын арада көпір салынбайды деп кесіп айтты

Жетісу облысындағы  «қылкөпірді» су шайып кетті

Жетісу облысында жарты ауылдың жұрты көпірсіз қалды. Бес жылдан бері қауіпсіз, әрі тиімді өткелге жарымаған көпшілік айналма жолдың алыстығынан өздері жол жасап алған. Өзеннің тасыған суы көпірді қиратып тастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Қопа ауылындағы «қыл» көпір. Қирап қалған темір өткелді екі жыл бұрын ауыл тұрғындары жасап алған. Күн сайын жұмысқа қатынайтындарды былай қойғанда, мектепке баратын бала да осы жолдан өтеді.  Тақтайлар қос қапталынан қоршалмаған.

– Зейнеткермін. Мәселені кімге барып айтарымды білмеймін. Балалар сабаққа бара алмайды. Ең болмаса құлап қалған көпірді орынына қойып берсін, – деді Қопа ауылының тұрғыны Рақыш Бағымова.

– Балалар қалай 1 км жерді айналып барады? Аудан әкімі адам миына қонбайтын нәрсені айтып отыр, – деді Қопа ауылының тұрғыны Нұржан Оразбеков.

Шырыл қаққан жұрттың мәселесінен аудан әкімдігі хабардар. Сұрау салып, ел сөзін естіртпекке округ басшысын шақырттық. Көпшілік алдына келген ол жақын арада көпір салынбайды деп кесіп айтты.

 – Көпір мәселесі жоспарда жоқ. Төтеден салынған көпір болғандықтан, еш жерде баланста жоқ. Үкіметтен ешқандай қаржы бөлінбейді. Ал кішігірім өткелді кәсіпкерлердің көмегімен салуға болады, – деді Б. Сырттанов ауылдық округінің әкімі Әділжан Сүлейменов.

Қопалықтарды бұдан бөлек жарық, жол мәселесі де алаңдатады.

Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарасы, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Елімізде бірнеше өңірді су басты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир