Демалыс күндері күн күрт жылынып, еліміздің бірнеше өңірін су басты. Қарғын су әсіресе ақтөбеліктерді әуреге салған. Темір ауданы және Шұбарбұлақ кентіндегі жиырмадан аса аула мен бес үйге су кіріп, жеке секторларға қауіп төнген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Төтенше жағдайлар министрлігі бірден тасқынға қарсы жұмыстарды қолға алып, оқиға орындарына құтқарушыларды жіберді. Бұл шаруаға ведомствоның 50 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылып, су келетін бағыттарға мыңға жуық құм толтырылған қапшық төселді. Қазір аймақта Маңғыстау облысының да құтқарушылары жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде судың деңгейі біршама түскен. Алайда синоптиктер бүгін түстен кейін жағдай қайта қиындауы мүмкін деп болжап отыр. Әзірге Байғанин ауданындағы үш ауылға қатынас жоқ, Талдық ауылына баратын жолды да су шайып кеткен.
– 26 наурызда сағат 13:00-де Темір ауданы Шұбарқұдық елдімекенінде таудан келген су деңгейін 30 см, елдімекеннің ішіндегі су деңгейі 10 см төмендеді. Жергілікті тұрғындарға көмек көрсету мақсатында аулалардан суды шығару жұмыстары жалғасып жатыр, – деді облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов.
Cондай-ақ Ақмола облысындағы Ерейментау қаласында да жеке секторларды су шайып, төтеншеліктер су сору жұмысын жүргізді. Ал Қостанай облысындағы кейбір кенттерде қарғын су үйлердің ішіне дейін кіріп кеткен. Қазіргі уақытта Арқалық қаласының Жаңа, Отан, Солтүстік және Саяжай атты елдімекендеріндегі 12 тұрғын үй мен 20 аула аумағынан 14 мың текше метрден аса су сорылғаны белгілі. Мұндағы тасқынға қарсы жұмыстарға жергілікті құтқарушылардан бөлек, Қызылорда облысының күштері мен құралдары да тартылған.
Ал Батыс Қазақстанда қарғын су аудандық маңызы бар екі тасжолды шайып кетті. Ақжайық ауданына қарасты Жәнібек-Таловка- Кіші өзен жолдарында көлік қозғалысы шектелген. Аягөз қаласында қардың қарқынды еруіне байланысты Кіші Аягөз өзенінде су деңгейінің көтерілгені байқалды. Судың одан әрі арнасынан асып кетпеуі үшін онда бөгет салу жұмыстары жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Көкшетаудағы мектепті су басып қалды