|
06.03.2024 | 16:14
352

Екібастұзда Президент тапсырмасы бойынша балалар шығармашылығы орталығы ашылады

Заманауи орталық жасөспірімдерді сапалы қосымша біліммен қамтиды

Екібастұзда Президент тапсырмасы бойынша балалар шығармашылығы орталығы ашылады primeminister.kz

Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Екібастұздағы жаңа балалар шығармашылығы сарайының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Рrimeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Ауданы 7,2 мың шаршы метр болатын заманауи орталық балаларды сапалы қосымша біліммен қамтуды кеңейту мақсатында салынып жатыр. Аталған нысанның құрылысына 5,8 млрд теңге көлемінде демеушілер қаражаты тартылды.

Балалар шығармашылығы сарайы ең жоғары технологиялық құралдармен жабдықталатын болады. Мұнда ғарыштық радиобайланыс клубы, робототехника студиясы, өнеркәсіптік сәулет және дизайн студиясы, ғылыми-биологиялық зертхана, коворкинг-аймақ, дыбыс жазу студиясы, фотография академиясы, көркем-эстетикалық шеберхана, спортзал және т.б. ашылады деп көзделіп отыр. Бүгінгі таңда ғимараттың іргетасы құйылып, ең астыңғы қабат пен металл құрылымдар орнатылды. 2024жылы күзде пайдалануға беру жоспарланған.

Премьер-Министр әкімдікке жобаның уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

- Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатқан нысан. Сондықтан сапасы да өте жоғары деңгейде болуы керек. Мұндай орталықтар балалардың бос уақытын қамтып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, қосымша білім алуына мүмкіндік береді. Орталық іске қосылғаннан кейін қалада қосымша біліммен қамту деңгейі 70%-ды құрамақ. Жоба менің жеке бақылауымда болады, — деді Олжас Бектенов.

Екібастұз әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, бүгінгі таңда қалада 3 ұйым қосымша білім берумен айналысады. Қамту көрсеткіші шамамен 7 мың баланы немесе 31%-ды құрайды. Сондай-ақ жаңа орталық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделмек.

Оқи отырыңыз: Мереке күні қыздар қандай сыйлық алғысы келеді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир