Белсенділер гендерлік теңдік мәселесін мәдениет саласынан бастауды ұсынды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қоғам гендерлік теңдіктің не екенін дұрыс түсінбейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әйелдер қоғамдастығының  белсенділері гендерлік теңдік мәселесін мәдениет саласынан бастауды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Мегаполистің нәзік жандылары бұл уәжін Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында өткізген жиында айтып, қоғамдағы әйелдің рөлі мен міндетіндегі түйткілді тұстардың айтарлықтай көп екенін алға тартты. Әйел затының жаны киноиндустрия, әдебиет, сурет, өнер секілді шығармашылық мамандықтарға жақын болғандықтан, гендерлік теңдікте алғашқы қадам мәдениет саласынан бастау алса, қыз-келіншектердің қоғамдағы орны бір сатыға көтерілуге мүмкіндік тумақ дейді бастамашылар.

«Әйел адамдарға өнер жолы ауыр екені рас. Себебі, нәзік жандылар өнердегі шығармашылық пен тұрмыстағы күйбелең тіршілікті бірге алып жүруі қажет. Ал, ер кісілерге бұл жағы оңайға соғады. Әйелдер мәселесін көтеріп жүрген мегаполистің белгілі қызметтегі нәзік жандылары бүгін осы тақырып төңірегіндегі толғанысы көп мәселелердің түйінін - мәдениет саласымен байланыстыра шешуді көздеп отыр», – деді Халықаралық «Таңшолпан» тәуелсіз суретші әйелдер қорының президенті Жамиля ТАКЕН.

Жиынға қатысқан медицина мамандары, журналистер, блогерлер мен өнер жұлдыздары, сондай-ақ, мемлекеттік ұйым қызметкерлері әйелдер мен жас қыздардың құқықтары жиі тапталып, тіпті кейбіреулерінің оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайтынын да алға тартты. Белсенділердің пікірінше, гендерлік теңсіздік қоғамдағы осындай келеңсіздіктерді жоюға мүмкіндік бермек.

«Шындығында, қоғам гендерлік теңдіктің не екенін дұрыс түсінбейді. Бұл бөтен сөз, мәдениетімізге жат нәрсе деп ойлайды. Гендерлік теңдік – ерлер мен әйелдердің қоғамдағы кез келген салаға толыққанды тең дәрежеде қатысуы. Ол адамдардың өміріндегі экология, мәдениет, адам құқығы, зорлық-зомбылықтан қорғау секілді түрлі салалар болып табылады», – деді «Шығармашылық бастамалар бойынша әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрайымы Әсия ХАЙРУЛИНА.

Новости партнеров