Тәуелсіздік күні Алматыда дүниеге келген нәрестеге Қайрат Рысқұлбековтің есімі берілді

Almaty.tv
Almaty.tv
16 желтоқсанда қалада 106 сәби дүние есігін ашқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні Алматыда 106 сәби шыр етіп дүние есігін ашты. Айтулы датада өмірге келген ұл және қыз балалардың саны теңдей десе болады. Ал бір жылда алматылықтардың қатары 60 мың адамға толығыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

  

Алматылық Самал Жүрсінбай 16 желтоқсанда алғаш рет ана атанды. Өмірге шекесі торсықтай ұл әкелді. Отбасы мүшелері сәбиге батыр, ұлтжанды болсын деп Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбектің есімін беріпті. 

«Осы 16 желтоқсанда дүниеге келгендіктен, өзіміздің қаһарман Қайрат атамыздың атын беріп отырмыз. Тәуелсіз мемлекетімде осылай баламды қолыма алып отырғаныма өте қуаныштымын. Баламыздың салмағы 2 келі 100 грамм болды», – дейді қала тұрғыны Самал Жүрсінбай.

Баласын бауырына алған ана қалалық №2 перзентхананың дәрігерлеріне шексіз риза. Мұнда 16 желтоқсан күні 14 бала өмірге келіпті. «Осындай қуанышты да қобалжулы сәттерді еш алаңсыз бастан кешірудің өзі бір бақыт. Бұл да Тәуелсіздіктің тартуы» дейді аналар.  

«Ерекше сезім әрине болды. Себебі Қазақстан Тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқан жас мемлекет қой. Тәуелсіздіктің туын желбірететін кішкентай сәбилерді мерекелік күнде, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында өмірге әкеліп отырғаныма шынымды айтсам, өте қатты қуаныштымын», – дейді жас ана Ақерке Шахан.

«Дәрігерлердің көмегімен жеңіл өтті. Екінші балам – ұл. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алла тағала ұл берді. Шүкір. Қатты қуанып, толқып тұрмын», – дейді тағы бір жас ана Қаракөз Тарғынова.

Мерейтойға орай медицина мекемесі аналарға шағын кәдесыйлар табыс етті. Дәрігерлер ана болудың алғышартынан бастап, босанғаннан кейін де әйелдердің жағдайына ерекше көңіл бөлетінін айтады.

«Қала бойынша күнделікті орта есеппен 100-ден 120 балаға дейін дүние есігін ашады. Оның ішінде шала туылған, егіз, айы-күні жеткен нәрестелер бар. Жаңа туған сәби мен аналардың жағдайы жақсы», – деді №2 қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Иманғалиева.

Айта кетсек, биыл халық санағы өтіп, алдын ала шыққан нәтиже бойынша ел саны 19 млн 170 мың адамға жуықтаған екен. Соның 34 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар. Халқымыз ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, болашағы деп білген. Сондықтан бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанда ана мен баланың саулығына бар жағдай жасалған.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров